[go: up one dir, main page]

Мазмұнға өту

Жәдік

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жәдік— қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Орта жүз құрамындағы керей тайпасының абақ керей тармағынан таратылады. Керейдің мол руы. Басым бөлігі Қытайдың Шыңжан аутономиялы районының Алтай аймағында, және ішінара Құмыл аймағында қоныстанған, аздау бөлігі Моңғолияның Бай-Өлке аймағының Цэнгэл, Ногооннуур, Баяннуур, Толбо сұмындары мен Қобда аймағының Бұлғын сұмынында жасайды. Ұраны — үлкен ру бойынша Жәнібек, ал жәдік кіші ру бойынша Жанат, таңбасы үлкен ру бойынша — абақ, жәдік кіші ру бойынша " // " яғни " қос әліп ", бұл қос әліп таңбасы жәнтекей руына да ортақ. Жәдік ішінен сегіз жанат, мәлік, итемген, мұңал деп төртке бөлінеді. Мұндағы Жанат - Ер Жәнібектің жүзбасы болған тарихи тұлға. Кей деректерде сегіз жанат, төрт мәлік деп те ықшамдап бөліп жүр. Жәдік руынан аты ұранға айналған Жанат батыр (шамамен 1695-1760 жылдары өмір сүрген), Бәке батыр Қостайұлы (шамамен 1735-?), Біржан сал Қожағұлұлы, "төрт би - төре" жүйесіндегі Алтай қазағының төрт биінің бірі Қара Оспан Бейсенбіұлы (1824-1916), Моңғолия қазағының жаңа заманғы жазба әдебиетінің негізін қалаушы Ақтан Бабиұлы (1897-1973) қатарлы танымал адамдар туып шыққан. Бұл жерде айта кететін жәйіт әйгілі Біржан сал. Жас Біржан шешесімен бірге Өр Алтайдағы керей елінен Арқадағы нағашы жұрты қалың арғынға қыдырып келеді. Сол кезде Алтайда жаугершілік болады да еліне қайта алмай нағашы жұртында тұрақтап қала береді. Содан өз әкесі Тұрлыбаймен аталмай нағашы атасы Қожағұлдың атымен аталатын болған. Шындығында Жәдіктің Жанат ата әулетінің Тоғыс ұрпағы екені серінің мына өлеңінен айқын білінеді:

Мен сенің арғын емес, алашыңмын
Жанаттың тоғыс атты баласымын
Кезінде жаугершілік мұнда қалып
Қасында өскен екем нағашымның.