Жетіру

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Жетіру рулары

Жетіру — қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігінің бірі. Шежіре бойынша, Кіші жүз құрамына енеді.
7 рудан тұрады:

  1. Жағалбайлы
  2. Кердері
  3. Керейіт
  4. Табын
  5. Тама
  6. Телеу
  7. Рамадан

Тарихшылар Жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары (телеу, рамадан, тама, табын, кердері, керейт, жағалбайлы) бірлестігімен байланыстырады. Қазақ руларының тарихына қатысты зерттеулерде Жетіру Тәуке хан кезінде осы атпен топтасқан қауымдастық деп түсіндіріледі. Сондай-ақ Қартқазақ деген атпен де белгілі болған.

Тарихи дәйектерге зейін жіберер болсақ, Жетіру бірлестігіне енетін тайпалардың түп-тегі көне замандарға кететінін байқар едік. Халық аңыздарында Жетірудың үлкені боп есептелетін телеу атауына ұқсас бірлестік атын Алтай тарихынан кездестіреміз. Көне қытай жазбаларында, 5 ғасырдан бастап қазіргі моңғол жерін мекендеген түркі тілдес көшпелі жұрттар Төле (Төлес) елі деп аталатыны айтылады. “Таң әулеті мәліметтерінің жинағы” атты қытай дерекнамасының дәйегінше, осы бірлестік құрамындағы сяңто, қиби, хуйхэ, дубо, гулигән, доләңгә, пугу, байегу, тунло, хуңбу, сыңзие, хуса, си, адие, байси секілді жұрттардың бәрі телелерге бағынған. С.Кляшторныйдың жазуынша, теле тайпасының біраз бөлігі 6 ғасырға дейін-ақ Қара теңіз бен Кавказдың теріскейіне қоныс аударған. Осы деректер теле (телеу) бағзы замандардан жеткен атаулар сілемі емес пе екен деген топшылауға мүмкіндік береді. Теленің бір сілемі қырғыздарға да сіңген. Оларда шеклік бірлестігінің бір тармағы төлес деп аталады. Тыва халқының құрамынан да теле руын кездестіреміз. Сондай-ақ, Жетіру құрамындағы кердерінің әуелгі тарихын ғалымдар б.з.б. 2 ғасырда ғұндардың жойқын шабуылына ұшыраған юечжи тайпасынан таратуға пейіл танытады. Көне қытай жазбалары бойынша, бұрын шығыс Ереңқабырға төңірегін қоныс еткен юечжилердің (оны Қытайда тұратын қазақ оқымыстылары “иүзлер” деп аударады) көп бөлігі сол үркіншілікпен Әмудария алқабына дейін ауады. Олар Қытай дерекнамасында ұлы (юечжилер) иүзлер, ал көшіп кете алмай ата қонысында қалғандар кіші юечжилер (иүзлер) деп аталған. Әмудария жаққа жеткен юечжилерді Еуропа тарихшылары кидарит ғұндар деген атпен таныды. Сол кидариттерден кердері атауы туындаған.

Ғылыми деректер 10 ғасырда Арал теңізінің Кердері теңізі аталғанын, Әмударияның екі бетінде сол аттас бір-екі қала болғанын да алға тартады. Ал керейт тайпасының тарихы көне жазба ескерткіштерде 7 ғасырдан белгілі. Олар Онан, Керуен, Арғұн өзендерінің аумағын жайлаған қабырғалы Керей хандығымен сабақтастырыла қаралады. Бұл ретте сол заман оқиғаларын қағазға түсірген Рәшид әд-Дин де, Қыдырғали Жалайыри де, Әбілғазы хан да ол елді керейт деп атағанын көреміз. Шыңғыс ханнан ығыса отырып, Ертіс, Обь бойын теріскейге қарай жайлаған, кейіннен Орта жүз құрамына енген керейттер уақыт өте келе, байырғы атау соңындағы “т” қосымшасын айтпайтын болды. Ал өзбектердің, қырғыздардың құрамына сіңген керейттер, Кіші жүздегі өз руластары секілді бастапқы көне атауларын сақтап қалды. Соған қарағанда, Кіші жүз құрамындағы керейттер Шыңғыс хан жорығымен бірге Орталық Азияға жетіп, сол елдерді Шыңғыс хан империясының құрамына қаратуға ат салыса жүріп, осы аймаққа тұрақтап қалған керейттердің ұрпағы болса керек. Кейіннен олардың бір бөлігі өзбектің, екіншілері қырғыздың, үшінші бір тобы Кіші жүздің құрамына сіңді. Жетіру құрамындағы тамаға ұқсас атауды Рәшид әд-Дин жылнамасынан кездестіреміз. Атақты шежіреші қырғыздармен қоңсылас жайлаған жауынгер тұма халқы туралы айтады. Бұл жұрт Шыңғыс ханға бірнеше рет қарсы көтерілген. Сол үшін оларды аяусыз жазалаған. Тамалар башқұрттардың, ноғайлардың, қырғыздардың құрамында жеке ру түрінде кездеседі. Ал табын тайпасы атауының да әуелгі іздерін Алтай айналасынан ұшырастырғандай болар едік. Сол маңайда Табын тауы Чумыма — Табун өзені секілді атаулар бар. Сондай-ақ, табынның башқұрт халқы құрамындағы ірі рулардың бірі екендігі де назар аударарлық жәйт.

Зерттеушілер табын тайпасы Батыс Қазақстан өңірін Бату жорығына дейін де жайлаған сыңайлы дегенді айтады. Олардың біраз бөлігі әлдебір жағдайларға байланысты башқұрттарға барып қосылған. Ғалым С.Руденконың зерттеуінше, Бату жорығы басталмай тұрып-ақ башқұрттар он екі арыс елге бөлінген, оның бірі табын болған. Табын таңбасы бойынша, негізінен, шөмішті, тарақты, көсеулі болып жіктеледі. Бұл жерде мәселе тарақ таңбасына қатысты. Ұлы жүздің жалайыр тайпасы, Орта жүздің тарақтысы да тарақ таңбалы. Таңбалардың бұлай ұқсас шығуы бекер емес. Ол осы үш рудың бір тұстан қабысып жатқан туыстығына, әр жүздегі жолына, ретіне қарай туындауы да мүмкін. Осы реттен алғанда, жалайырдың Ұлы жүзге (кей шежірелерде арғынға) “ноқта ағасы” боп танылуында да өзіндік сыр бар сияқты. Қазақ шежірелері Кіші жүздің “ноқта ағасы” деп бір таңбасы тарақ боп келетін таманы айтады. Ал тарақ таңбалы жеке руы бар табын сол таманың інісі ретінде сипатталады. Зерттеушілер арасында табын құрамында өлы жүзден қосылған аталар болуы мүмкін деген пікір де бар (М.Мұқанов, В.Востров). Ол осы ру құрамындағы бозым тармағы. Оның да, албан құрамындағы бозымның да шөміш таңбалы болуы бір кездерде осы атаның Ұлы жүз тарапынан келіп қосылғанын меңзегендей болады дейді ғалымдар. Осындай пікір рамадан руына да қатысты айтылады. Рамаданның шөміш таңбасы дулат руларына өте ұқсас. Бір замандарда дулаттың бір аталары әлдеқандай жағдайлармен Кіші жүз құрамына енуі ғажап емес және бұған рамаданның ұраны — “Дулат” екенін де қосыңыз.

Жетіру құрамындағы жағалбайлы тайпасы атауының түп-төркінінде шежірешілеріміз айтатындай Жағал және Байлы деген екі батыр болған екен дегеннен гөрі, “жағал”, “төбел”, “ала” (ат) мағынасына саятын топшылау иланымдылау көрінеді. Мұның бір жағы ғылыми айналыста бар “хэла” (ала ат) елінің атауына да үндесер еді. Қытайдың 6–7 ғасырларды сипаттайтын жазбаларында “Хэла мемлекеті... Солтүстік теңізге (Байкал көліне) жақын тұратын ел, жылқыларының бәрі ала, елдің аты содан шыққан, жылқыны қымызы үшін ұстайды, мал тұяғымен еріп көшіп жүреді...” делінген. Зерттеушілердің байыптауынша, хэла (ала аттылар) елі кейін қыпшақтардың ұлы көшіне ілескен теле жұртымен бірге батысқа қарай ауысқан.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

“Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998