Сизиф
Сизиф(көне грекше: Σίσυφος, ағылш. Sisyphus)— грек мифологиясындағы жазаланған тұлғалардың бірі. Ол бір мезгіл ажал құдайы Танатосты байлап тастап, адамдар өлімнен құтылған екен. Қатты ашуланған Oлимп құдайлары оны қатал жазалаған. Оған берілген жаза: lәу бір тасты тау басына домалатып шығару керек. Бірақ әр рет тау басына тасты домалатып жете бергенде тас етекке қарай домалап кетіп отырады. Сөйтіп Сизиф мәңгі бақи тас домалатумен болады, бірақ мақсатына мәңгі жете алмайды. Батыстық контексте "Сизифтілік"(sisyphean), яғни "Сизифше тағдыр" — еш нәтижесі жоқ іспен шексіз-шетсіз айналысуға мәжбүр болу мағынасыздығын береді. Олимп Құдайларының ойынша, еш нәтижесі жоқ іспен айналысудан өткен жаза дүниеде жоқ көрінеді.
Этимология
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Роберд Бикестің зерттеуінше, көне грек тілі түпнұсқасында Сизиф деген сөз "Дана" (wise) дегенді білдіретін σοφός деген сөзден шыққан екен.[1]
Миф
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сизиф – Кіші азияның Эгей теңізі жағалауына жақын өңіріндегі Эфир (Ephyra, көне аты Коринф) қаласының құрушы патшасы Эоланың ұлы, шешесі Энарет[2][3]. Ол Атлантаның қызы Меропаға үйленеді. Оның ұлдары Главк, Орнитион, Ферсандр және Альм[4]. Кей деректерде ол Эфир (Коринф) қаласының патшасы болған.[5]
Гомер дастандары бойынша, Сизиф өзінің сұңғыла айлакерлігімен даңқы шыққан. Ол ғажайып ақылдылығымен өте мол байлық жиып алған екен.
Зевс өзен құдайы Эзоптың (Aesopus) қызы Эгинаны (Aegina) алып қашқан соң, Эзоп қызын іздеп Коринфке келеді. Ол қызын Сизиф алып қашып кеткен деп есептеген екен. Сизиф оған төрт мезгіл толық ағатын өзенге ауысу шартымен оның қызының жоғалу сырын түгел айтып береді. Зевстің құпиясын ашып тастағандықтан, қатты ашуланған Зевс оған Танатосты жіберіп, оны Аидқа байлап әкелуді бұйырады. Бірақ Сизиф ақылмен ажал құдайы Танатостың қолын байлап тастайды да[6], жер бетінен енді ешкім Аидқа қайтпай қалады. Адамдар өлмейтін болған соң Аидқа құрбандық шалатын да ешкім болмайды.
Зевс соғыс құдайы Аресті Сизифке жіберіп, Танатосты босаттыруға және Сизифтің жанын алып келуге бұйырады. Сизиф өлер алдында әйеліне (Merope) өзінің денесін жерге көмбеуді, сондай-ақ Аидқа арнап құрбандық шалмауды тапсырады. Бірақ Аидқа барған соң, Персефонаға (Persephone) "денесі жерге көмілмеген адамның Аидта болуы ақылға симайды" деп, әйеліне Аидқа арнап құрбандық шалуды талап ететінін айтып үш күнге сұранады. Сөйтіп ол жер бетіне қайта келеді. Бірақ Босанып алған Сизиф жер бетінен кеткісі келмей, Аидқа барудан бас тартады. Зевс тағы да Танатосқа Сизифтің жанын алып келуге жұмсайды.
[7] Құдайлардың құдайы Зевстің қаһарына ұшыраған Сизифке өзгеше Тас домалату жазасы кесіледі.
Ондағы бірден бір мүмкіндік иен тау және ауыр тас қана болады. Ол бар күшімен дәу тасты домалатып тау басына шығара бергенде тас оның қолынан сытылып кетіп, етекке домалап кетеді де, оның әр реткі еңбегі еш кетіп отырады.
"Сизиф" Камю бойынша
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әйгілі француз жазушысы Альберт Камю «Сизиф туралы аңыз» кітабында Сизифтік тағдырдың мәніне үңіліп, ондағы абсурдтық мағынаға терең талдау жасап, адамзат баласының маңдайындағы Сизифше қысметті өз философиясының арқау тақырыбы етеді. Камю Сизифтің тағдырына экзистенциализм мағынасын береді.
Ежелгі грек мифологиясындағы әйгілі үш жазаланушының бірі (Тантал жазасы, Прометей жазасы және Сизиф жазасы) болған Сизифтің тағдыры мағынасыздық арқылы азап тарту болды. Оның өнімсіз еңбегі, оның жапа-жалғыздығы, оның күрсінісі мен қасіреті - тек қайсар, батыл, жігерлі, ақылды адамдар ғана төзбейтін тағдыр болатын.
Бірақ, күндердің бірі Сизифтің ғаріп, иен, оқшау, түңілісті тірлігінде жаңа мәнділік пайда болады. Ол тастың домалауының тербелісін сезеді. Ол осынау тербеліске еліте жүріп, тас домалатудың машақаты мен мәнсіздігін ұмытады. Сөйтіп ендігі жерде оның тас домалатуының Абсурдтық мағынасы жойылып, тас домалату оған ең мәнді жұмысқа айналады. Ал, Құдайлар оған берген жазасы оны жазалай алмайтын жаңа деңгейге жеткенін мойындауға мәжбүр болады.
Ендігі жерде ол өз тағдырын өз қолына алады. Ол домалатқан тастың бойында оның өмірінің мағынасы бірге домалап бара жатқанын сезді. Сөйтіп ол өз күресіне өзі ден қою арқылы нәтижесіз іске құрылған өмірін мәнді етіп, "Сизиф бақытын" жаратады.
Сизифті "ақылды еді" деушілер де, "қарақшы еді" деушілер де тарихта болған. Бірақ бұл қайшылықты баға емес болатын. Қайшылық түрмедегі мағынасыз еңбектің қандай ниет пен құндылық өлшеміне сай атқарылғандығында болатын. Сизифтің Зевс алып қашқан қыздың дерегін қыз әкесіне айтып, Зевстің ашуын туғызуы құпиялықты сақтамаушыларға реніш те оятуы мүмкін. Әрине, ажалдың өзін алдап соғушыға тек соғыс құдайы ғана төтеп бере алған екен. Демек, ең маңыздысы Құдайларға ерегескендей үнсіз-түнсіз тас домалатудан ол ақыры өз бақытын табады.
Альберт Камюдің пікірінше, Сизифтің тасы әрі қасіреттің бұлағы, әрі жаңа бақытқа жетудің баспалдағы болмақ.
Сыртқы сілтеме
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ R. S. P. Beekes, Etymological Dictionary of Greek, Brill, 2009, p. xxxiii.
- ↑ Гомер. Илиада VI 153
- ↑ "Apollodorus, Library, 1.9". Perseus Digital Library. Retrieved 2014-10-09.
- ↑ Павсаний. Описание Эллады II 4, 3
- ↑ Павсаний. Описание Эллады II 3, 1
- ↑ Схолии к Гомеру. Илиада VI 153 // Комментарий Д. О. Торшилова в кн. Гигин. Мифы. СПб, 2000. С.81
- ↑ "Ancient Greeks: Is death necessary and can death actually harm us?". Mlahanas.de. Retrieved 2014-02-19.