Еуропа
Еуропа | |
Еуропа | |
Территория | 10,18 млн км² |
Халық саны | 746,419 млн (2018) адам |
Тығыздығы | 72,5 адам/км² |
Этнохороним | еуропалықтар |
Енеді | 50 мемлекет |
Тілдері | Еуропа тілдері |
Уақыт белдеулері | UTC UTC+6 |
Интернет үйшігі | .eu (Еуроодақ) .su (Посткеңестік кеңістік[1]) |
Еуропа Ортаққорда |
Еуропа (гр. Ευρώπη, семит тілінің “эреб” — “батыс” сөзінен шыққан, Ежелгі Грекияда Эгей теңізінің батысындағы жерлер осылай аталған) — Еуразия құрлығының батысын алып жатқан дүние бөлігі. Азиямен бірге Еуразия құрлығын құрайтын әлем бөлшегі.
Аумағы 10 млн. км2 жуық, халқы 826 млн. адам (2000, Ресейді қоспағанда). Азиямен арадағы шекарасы шартты түрде алынған материк. Ол құрлықта Орал тауы, Жем өзенін бойлай Каспий теңізіне дейін, одан әрі Кума және Маныч өзендері бойымен Донның сағасына жетіп, Азов, Қара теңіздерге ұласады. Одан арғы шекарасы Босфор бұғазы, Мәрмәр теңізі, Дарданелл бұғазы арқылы өтеді. Еуропа солтүстігінде Солтүстік Мұзды мұхитпен және оның Кара, Баренц, Ақ, Норвег теңіздерімен, батысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен және оның Балтық (Балт) пен Солтүстік теңізі, Ирланд, Жерорта теңіздерімен қоршалған. Оңтүстік-шығысында тұйық Каспий теңізі орналасқан.
Дүние бөлігінің құрлықтағы қиыр шеттері: солтүстігінде — Нордкин мүйісі (71°08′ с. е.), оңтүстігінде — Марроки мүйісі (36° с. е.), батысында — Рока мүйісі (9°31′ б.б.), шығысында — Байдарацк кірмесіне таяу Полюстік Оралдың шығыс жақ етегі (67°20′ ш. б.). Еуропаға кіретін аралдар мен топаралдардың жалпы аумағы 730 мың км2. Ірілері: Жаңа Жер аралы, Франц-Иосиф жері, Шпицберген, Исландия, Британия, Ирландия, Корсика, Сардиния, Сицилия, Крит, т.б. Еуропаның жағалаулары (жалпы ұзындығы 38 мың км) қатты тілімденген. Түбектер Еуропа аумағының 1/4-ін құрайды. Олар: Пиреней, Апеннин, Балқан, Скандинавия, Кола, Ютландия және Қырым түбектері. Жағрапиялық ортасының координаттары: 47°56′18″ с. е. 24°11′18″ ш. б. / 47.93833° с. е. 24.18833° ш. б. (G) (O) (Я)
Eуропа су шекарасы Атлант және Арктика мұхиттары және олардың теңіздерімен шектеседі. Аралдардың аумағы шамамен 730 мың км. Орташа биіктігі 300 м, ең жоғарғы нүкте — 5642 м. (Мәңгі тау не Эльбрус тауы). Жер аумағының көбі — жазықтық (ірілері — Шығыс Еуропа, Орта Еуропа, Орта және Төменгі Дунай, Париж бассейні), таулары — жер аумағының 17%-ын алып жатыр (бастылары — Альпілер, Карпаттар, Пиренейлер, Апенниндер, Орал таулары, Скандинав таулары, Балқан түбегі таулары). Сөнбеген жанартаулар Исландияда және Жерорта теңізінің аумағында орналасқан. Аумақтың көбінде қоңыржай климат (батыста — мұхиттік, шығыста — қарлы және салқын қысты континенталды), солтүстік аралдарда — субарктикалық және арктикалық, Оңтүстік Еуропада — жерорталық. Арктика аралдарында, Исландияда, Скандинав және Альп тауларында — мұз басу (оледенение) (аумағы 116 мың км2. Негізгі өзендері: Еділ, Днепр, Дон, Печора, Солтүстік Двина, Дунай, Висла, Одра, Эльба, Рейн, Луара, Рона, Тахо. Негізгі көлдері: Ладога, Онега, Чуд, Венерн, Балатон, Женева. Арктика аралдарында және Арктика мұхиты жағалауында — арктикалық шөлдер және тундралар, оңтүстікке қарай — орманды тундралар, тайгалы, аралас және қалыңжапырақты ормандар, орманды далалар, далалар, субтропиктік жерорта ормандары және бұталар; оңтүстік-шығыста — шөлейттер.
Жер бедері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропада жазықтар мен ойпаттар және қыратты жерлер басым. Дүние бөлігінің теңіз деңгейінен орташа биіктігі 300 м. Жер аумағының 60%-ке жуығы теңіз деңгейінен 200 м-ге дейінгі ойпаттардың, 24%-і 200 м-ден 500 м-ге дейінгі қыраттардың, 10%-і 500 м-ден 1000 м-ге дейінгі үстірттер мен таулы үстірттердің, 6%-і 1000 м-ден жоғары (оның ішінде 1,5%-і 2000 м-ден биік) таулардың үлесіне тиеді. Шығыс бөлігін тұтасымен дерлік Шығыс Еуропа жазығы алып жатыр. Оның оңтүстік-шығысында теңіз деңгейінен 27 м-ге дейін төмен жатқан Каспий ойпаты орналасқан. Батыс Еуропаның жер бедері әр түрлі келген. Мұнда жазық және ойпатты жерлер бірдей аумақты алған. Негізгі ойпаттар: Ортаеуропалық, Ортадунайлық, Төменгі Дунай, Париж алабы, Падан ойпаты. Солтүстік пен Оңтүстік Еуропаға аласа және орташа биіктіктегі таулар тән. Олар: Скандинавия, Пиреней, Апеннин, Балқан, Карпат т.б. Батыс Еуропаның орталық бөлігінде Еуропаның ең биік тауы — Альпі (Монблан тауы, 4807 м) орналасқан. Шығысында солтүстіктен оңтүстікке қарай Орал таулары созылып жатыр. Әрекетті жанартаулар, негізінен, Исландия аралы мен Жерорта теңізінде.
Геологиялық құрылысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропаның геологиялық негізін архей-протерозойлық Шығыс Еуропа және Эриа платформасы құрайды. Платформа Еуропаның шығыс және солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Эриа платформасы Шотландиядан Гренландияға дейінгі аймақты қамтиды. Палеозой эрасының соңында түзіліп біткен герцин қатпарлығы Испания, Франция, Англия, Польша, Германия елдерінің аумағын және Орал тауының едәуір бөлігін алып жатыр. Гибралтардан басталып, Альпі, Карпат, Қырым тауларынан, Апеннин, Балқан түбектерін, Жерорта, Қара теңізідерді қапсыра өтетін альпі қатпарлығының жерортатеңіздік белдеуі Еуропаның оңтүстік жиегін қамтыған. Балтық, Украина қалқандарында, Шотландияның солтүстік-батыс жағалауында, Орталық Англия мен Гебрид аралдарында архей мен протерозой жыныстары жер бетіне шығып жатады. Рифейдің алдындағы көп қатпарлану әрекеттерінен платформалар аумағында биік таулар мен қыраттар пайда болған. Төменгі палеозойда каледондық геосинклиналь аймақтарындағы теңіз түбіне қалың қабатты граптолитті тақтатас, құмтас, кварцит, эффузиялық жыныстар, аздап әктасты тұнбалар шөккен. Силур кезеңінде Грампиан геосинклиналі орнында каледондық қатпарлы таулар түзілгенде, теңіз бұл аймақтан және Шығыс Еуропа платформасынан біртіндеп шегінген. Теңізден босаған жерлерде төменгі және ортаңғы девонда континенттік қызыл түсті шөгінділер жиналған. Еуропаның қалған аймақтары силур, девон кезеңдерінде, төменгі тас көмір жүйесінде теңіз түбі болды. Жоғарғы палеозойда Оралда, Орталық және Батыс Еуропада, Донбаста, герцин қатпарлығынан таулар көтерілді. Соның әсерінен Солтүстік жарты шарлардағы платформалар бірігіп, біртұтас Лавразия құрлығы қалыптасты. Тетис теңізі (қазіргі Жерорта теңізі) аталған су айдыны қазіргі Альпі-Гималай белдеуінде ғана сақталған. Палеогеннің аяғынан бастап, Альпі, Карпат, Балқан таулары көтеріліп, теңіз біржолата шегінді. Платформалар мен тау етегінің жапсарынан бөктерлік ойпаңдар қалыптасты. Плиоценде үлкен грабендер (опырылыстар) пайда болды (Эгей, Адрия, Гибралтар грабендері). Платформаның жарылысынан осы күнгі сөнген жанартаулар (Орталық Франция, Шотландия, Германия, Чехия) пайда болды. Жерортатеңіздік белдеу бойында қазіргі кезде де күшті жер сілкінулер болып тұрады. Антропогенде Еуропаны кемінде 4 рет мұз басты. Ең үлкен Днепр мұз басуы кезінде Скандинавиядан тараған қалың мұз қабаты Киев, Харьков, Волгоград қалалары тұрған жерге дейін жетті. Соңғы Валдай мұз басуы шамамен бұдан 10 мың жыл бұрын аяқталды.
Кен байлықтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропада ірі кен орындары көп және әр түрлі. Ірі мұнай, газ (Еділ — Орал және Солтүстік Каспий қайраңының мұнайлы облысы, Кавказ алды және Солтүстік теңіздің қайраңы), көмір (Донец, Печора, Мәскеу маңы, Жоғарғы Силезия, Саар, Йоркшир, Рур алаптары), темір кентастары (Курск магниттік аномалиясы, Украина кен орындары, Орал таулары, Кола түбегіндегі кен орындар, Лотарингия, Скандинавия түбегі), сонымен бірге боксит, түсті металдар кентастарының кен орындары, ас тұзы мен калий тұздарының кендері Орта Еуропа жазығында (аумағы 150 мың км2) кездеседі. Түсті және сирек металдарға Орал, Батыс Еуропа, Кавказ және Скандинавия өңірлері бай. Дүние жүзіндегі ірі күкірт кен орны (Тарнобжег) Польшаның оңтүстігінде табылған.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропаның көпшілік жерінің климаты қоңыржай. Атмосфералық жалпы айналымының қалыптасуына Атлант мұхитынан келетін Гольфстрим жылы ағысының Солтүстік Атлант жылы тармағы әсер етеді. Циклондық әрекеттердің нәтижесінде қысқы айлардың изотермалары ендік бағыттан ауытқып, Еуропаның көпшілік бөлігінде қысқы айлардың орташа температурасы орта ендік температурасынан едәуір жоғары болады. Еуропаның шығыс бөлігінің климаты континенттік. Атлант мұхиты үстінен келген жылы, ылғалды ауа массалары суық континенттік ауа массаларымен түйісетін жерде солтүстік полюс шеңберінен 50-параллельге дейінгі аралықта полюстік шеп түзіледі. Мұнда қысы суық, боранды, қарлы, жазы жылы, оңтүстік-шығысында ыстық. Солтүстігіндегі аралдарға субарктикалық және арктикалық климат тән. Оңтүстік Еуропаның климаты жерортатеңіздік, қысы жұмсақ, әрі ылғалды, жазы ыстық келеді. Қаңтар айының орташа температурасы арктикалық аралдарда — 24°С, оңтүстігіндегі субтропиктік белдеулерде 12°С. Маусым айындағы температура арктикалық аралдарда 3°С-тан, оңтүстігінде 29°С-қа дейін өзгереді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері таулы аймақтарда 1500 — 2000 мм-ден (Скандинавияның жел өтіндегі беткейінде 2500 мм), Каспий ойпатында 200 мм-ге дейін ауытқиды. Еуропаның көпшілік бөлігінде жауын-шашын, негізінен, жылдың жылы мезгілдерінде жауады және ол батыстан шығысқа қарай азая береді. Жерорта теңізінде және оның жағалауларында жауын-шашын қыс айларында жауады. Мұнда жаз айларында ылғалдың жетпейтіні байқалады. Дүние бөлігіндегі мұздықтардың аумағы 118 мың км2. Олардың ең көп жиналған жерлері: Шпицберген (58 мың км2), Жаңа Жер, Франц-Иосиф Жері, Исландия аралдары және Скандинавия таулары. Мұздың қалыңдығы 400 — 600 м-ге, кейде 1000 м-ге жетеді.
Ішкі сулары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропа құрлығын жүздеген өзендермен олардың салалары торлап жатыр.Еуропаның ең ұзын өзендері - Еділ мен Жайық өзендері - Каспий теңізіне, Дунай мен Днепр өзендері - Қара теңізге, Рейн мен Эльба Солтүстік теңізге, Вистула - Балтық теңізіне, Луара мен Тагус - Атлант мұхитына, Рона - Жерорта теңізіне құяды.
Германияның қара орман аймағынан бастау алатын Дунай өзені - Еуропаның ең маңызды сауда жолдарының бірі. Аңызға айналған Рейн өзені Швейцарияның солтүстік-шығысы мен Германияның арасында шекара жасап, батысқа қарай ағады.
Талай тарихтың куәсі болған Темза Батыс Англиядағы Котсуолд қыратынан бастау алады да, Оңтүстік Англия арқылы шығысқа қарай ағып, Солтүстік теңғізіне құяды.
Еуропаның ең үлкен және ең маңызды Еділ өзені жүйесі Мәскеу қаласының солтүстік батысындағы Валдай үстіртінен басталады. Волга өзенінің арнасын Кама, Самара, Ока, Ветлуга сияқты 200-ден астам өзен тармақтары толтырып тұрады[2].
Еуропа су ағынының қалыңдығы жөнінен (295 мм-дей) дүние бөліктері ішінде Оңтүстік Америкадан кейін 2-орында. Жылына Еуропаның жер бетіне 4148 км3 атмосфералық ылғал түседі. Ылғалдану дәрежесіне қарай ағын батыстан шығысқа қарай және солтүстіктен оңтүстікке қарай азая береді. Оның көпшілік бөлігі Атлант мұхиты мен оның теңіздері алабына, қалғаны Солтүстік Мұзды мұхит алабы мен ішкі ағын алабына (Каспий теңізіне) жатады. Ірі өзендері: Дунай (Еуропадағы ең ұзын өзен), Днепр, Дон, Печора, Солтүстік Двина, Рейн, Висла, Эльба, Одра (Одер), Рона, Сена, Луара, Тахо, По. Олардың барлығында дерлік кеме жүзеді. Шығыс Еуропа жазығындағы өзендердің ағысы баяу, аңғарлары террасалы және кең болады. Олар қар және ішінара жаңбыр суымен толығады. Қыста оңтүстігінде 1,5 — 3 ай, солтүстігінде 7 — 7,5 ай бойы мұз қатып жатады. Фенноскандиядағы өзендер қысқа, аңғарлары жарқабақты, шоңғалды келеді. Өзен еңістігі үлкен. Орта бөлігінде 2 — 3 ай, солтүстігінде 7 — 7,5 ай бойы мұз қатып жатады. Орталық Еурпаның жазық өңірлеріндегі өзендер, негізінен, жаңбыр суымен толығады. Суы қатпайды, немесе бірде қатып, бірде еріп жатады. Биіктігі орташа тауларда өзендер көктемде қатты тасиды. Альпінің биік таулы аудандарындағы Рейн, Рона, По өзендерінің сол салаларының, Дунайдың оң салаларының жоғарғы ағыстары қар, жаңбыр суымен қоса, мұздықтардан да толығады. Жерорта теңізі алабына жататын өзендерде су деңгейі күзде және қыста едәуір көтеріліп, жазда төмендейді.
Еуропада көлдер біркелкі орналаспаған. Солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігіндегі мұз басуға ұшыраған аймақта (Фенноскандия) және Британия аралдарында, Альпі өңірінде, Польша мен Германияда көлдер көбірек кездеседі (Ладога, Онега, Венерн, Веттерн, Меларен, Женева, Балатон, т.б.). Жазықтар мен өзен жайылымдарында атыраулық көлдер, Қара және Азов теңіздерінің жағалауында лагуналық, Балқан түбегінде тектоникалық, Исландия мен Апеннин түбегінде жанартаулық көлдер кездеседі. Еуропаның аридтік оңтүстік-шығыс өңірінде сортаң және күшті минералданған тұйық көлдер (Эльтон, Басқұншақ) жатыр. Еуропа көлдерінің басым көпшілігі дүниежүзілік туризмнің көрнекті орындары және әлемдік маңызы бар демалыс-сауықтыру орындары саналады. Сонымен қатар, Еуропа жерінде 30-дан астам аса ірі және 2000-нан астам шағын бөгендер салынған.
Топырағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дүние бөлігі топырағының қалыптасуы жағынан арктикалық (полюстік), бореалдық, суббореалдық, субтропиктік белдеуге бөлінеді. Шпитсбергенде, Франтс-Иосиф Жерінде, Жаңа Жердің солтүстік бөлігінде арктикалық, Фенноскандияның солтүстік бөлігінде, Жаңа Жердің оңтүстік бөлігінде, Шығыс Еуропа жазығында, Солтүстік полюстік шеңберден солтүстікке қарай — тундралық топырақ дамыған. Бореалдық белдеу Исландияның, Фенноскандияның, Британия аралдарының, Орта Еуропа жазығының, Шығыс Еуропа жазығының Львов — Киев — Курск — Пермь — Екатеринбург шегінен солтүстік бөлігін қамтиды. Суббореалдық белдеудің қоңыржай континенттік аймақтарында қара топырақ және қызыл қоңыр топырақ тараған. Орманды дала мен даланың солтүстік бөлігі күлгінделген, сілтісіз, шіріндісі мол (8% және одан да көп) қара топырақты. Ал далалық қуаң аймақтарда — шіріндісі аз және оңтүстікке тән орташа қара топырағы дамыған. Қырым жазығында, Төменгі Еділ бойының, Каспий маңының анағұрлым қуаң далаларында шірінді қабаты жұқа, карбонатты қабаты өте тығыз қызыл қоңыр, кейбір жерлері сортаңды топырақпен алмасып келеді. Топырақ қалыптасуының субтропиктік белдеуіне жататын Оңтүстік Еуропа мен Қырымның оңтүстік жағасы мәңгі жасыл ксерофитті ормандар мен бұталар өсетін қара қоңыр топырақты. Жерорта теңізі маңындағы анағұрлым қуаң жерлер сұр, қара қоңыр топырақты, Балқан түбегінің тауаралық жазықтарының топырағы өте тығыз, шіріндісі аз болады. Еуропа топырағы егіншілікке қолайлы. Қара, қара қоңыр топырақты жерлерінің көбі жыртылған.
Өсімдігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропаның өсімдігі флоралық құрамы жағынан Голарктика облысына жатады. Өсімдіктерінің құрамында эндемиктер аз. Құрлықтық бөлігінде өсімдіктер тундралық, бореалдық, тайгалық, далалық, шөлдік, субтропиктік типтерге бөлінеді. Шпицбергенде, Франц-Иосиф Жерінде, Жаңа Жерде қына, мүк, шөптің бірен-саран түрі, бұтадан дриада өседі. Тундралық бөлігінде қоңыр, жасыл қына, ягель, крупка, субетеге, аласа қайың, полюстік тал өседі. Тау тундрасы Исландияда, Скандинавияда, Полюстік Оралда таралған. Орманды тундраның оңтүстігін (шамамен 57 — 58° с.е.) тайга алып жатыр. Мұнда, негізінен, қылқан жапырақты орман басым. Тайганың оңтүстігінде жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты орман өседі. Олар Скандинавия мен Орал таулары аралығын алып жатыр. Жалпақ жапырақты орман солтүстікте тайга мен аралас ормандардан, оңтүстікте субтропиктерге дейінгі (шамамен 40° с.е. дейін) бүкіл Батыс Еуропаны (тауларынан басқа) қамтиды. Бұл белдемнен оңтүстікке қарай орманды дала, ал одан әрі дала белдемі жатыр. Еуропаның субтропиктік аймақтарында ксерофиттік мәңгі жасыл ормандар мен бұталар өседі.
Жануарлары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Фауна әлемі Голарктикалық зоогеографиялық аймаққа кіреді. Өсімдіктердің таралуы секілді мұнда да географиялық белдемділік байқалады. Өсімдігі аз, климаты қатал тундрада мекендейтін жануарлар: солтүстік бұғысы, көгілдір түлкі, қасқыр, ұсақ кемірушілер, құстардан: тундра кекілігі, ақ үкі, теңіз жағасында шағала, баклан, қаз, үйрек көп. Тайганы тиін, ақ қоян, бұлғын, қоңыр аю, қасқыр, түлкі, бұлан, т.б. мекендейді. Құстардан құр, шіл, көк қарға, сары шымшық, қырғи, т.б. кездеседі. Жалпақ жапырақты орман мен аралас орманда қара күзен, тағы мысық, жабайы шошқа, жарғанат, кірпі, қоңыр аю, түлкі, қасқыр, борсық, т.б. мекендейді. Шығыс Еуропаның далалық және шөлейтті аймақтарында кемірушілер өте көп. Каспий ойпатында бөкен, қарсақ, жерортатеңіздік аймақта безоар және Альпі текесі, серна, муфлон, батысында Пиреней жұпар тышқаны, генетта, Гибралтарда Еуропадағы маймылдың жалғыз түрі — магот, шығысында жайра, шиебөрі кездеседі.
Саяси бөлінуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]20 ғасырдың соңғы он жылдығында Еуропаның саяси-әкімшілік бөлінісінде үлкен өзгерістер болып өтті. КСРО, ЮСФР-дің ыдырауына байланысты бір топ жаңа мемлекеттер пайда болды. Германия Демократиялық Республикасы Германияның құрамына енді. 2001 жылдың басында Еуропада мынандай мемлекеттер болды: Австрия, Албания, Андорра, Беларусь, Бельгия, Болгария, Босния және Герцеговина, Ватикан, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Қазақстан (батыс бөлігі), Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Солтүстік Македония, Мальта, Молдова, Монако, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Ресей, Румыния, Сан-Марино, Словакия, Словения, Түркия (солтүстік-батыс шеті), Украина, Ұлыбритания, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония, Югославия.
Мемлекеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуропада 49 мемлекет орналасқан (тұтастай немесе жартылай)
|
Толығымен Азияда, бірақ қауымдастық-саясаттық жағынан Еуропаға қатысты:
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]
|
|