Viking 1

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Viking 1 орбиталық бөлігі

Ұйымы NASA
Тапсырысы Орбиталық аппарат
Ненің серігі Марс
Орбитаға орнату күн-айы 19.06.1976
Ұшыру күн-айы 20.08.1975, Канаверал
Сөре көлігі Titan IIIE зымыраны/Centaur үдемелі блогы
Тапсырыс ұзақтығы 1846 күн
NSSDC нөмірі 1975-075A
Торабы Деректер (ағылш.)
Массасы 883 кг
Қуаты 620 Вт
Шоғырласпауы 0,882213138
Орбита шағы 47,26 сағ
Апоапсисы 56000 км
Периапсисы 320 км
Viking 1 қонатын бөлігі

Ұйымы NASA
Тапсырысы Қонатын аппарат
Ұшыру күн-айы 20.08.1975
Сөре көлігі Titan IIIE зымыраны/Centaur үдемелі блогы
Тапсырыс ұзақтығы 2306 күн
NSSDC нөмірі 1975-075C
Торабы Деректер (ағылш.)
Массасы 572 кг
Қуаты 70 Вт

Viking 1Марсты зерттеуге арналған америкалық ғарыш кемесі, орбиталық және қону аппараттарынан тұрды. Viking 1 Марс бетіне сәтті қонған тарихтағы екінші ғарыш кемесі болды (Марс-3 станциясынан кейін), ал ғылыми миссиясын сәтті орындағандар ішінен алғашқысы болды.

Хронологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Viking 1 1975 жылдың 20 тамызында сағат 21:22:00 UTC Флоридадағы Канаверал мүйісінен ұшырылды.

10 айдан кейін, 1976 жылдың 19 маусымында аппарат Марс орбитасына енді (оған бірнеше күн бұрын ғаламшардың түсірген суреттерін Жерге жіберді).

Қону бөлігінің Марс бетіне қонуы АКШ мемлекетінің 200-жылдығына орай 4 шілдеге жоспарланған еді. Бірақ қону аймағының бедері, жіберілген суреттерге қарағанда, қауіпсіз деп танылмады. Бұған байланысты жаңа қону аймағы іздестіріліп, миссия 20 шілдеге шегерілді, бұл күн Аполлон 11 Айға қонуының жеті жылдығына сәйкес келді. Қону аппараты сағат 08:51 UTC орбиталық аппараттан бөлініп, сағат 11:53:06 Хриса жазығына қонды.

Марс бетінен түсірілген тұңғыш фотосурет, 20.07.1976

Қонғаннан кейін 25 секунд өткенде, аппарат Марс бетінен түсірілген тұңғыш фотосуретті тікелей Жерге жібере бастады, бұл операция төрт минутқа созылды. Келесі жеті минуттың ішінде 300° панорамалық сурет түсіріліп жіберілді. Келесі күні түрлі-түсті суреттер де түсірілді. Қону бөлігі екі камерамен жабдықталған еді, бұған қоса сейсмометрі (қосылмай қалған), рентгендік спектрометрі, газ хроматографы, метеорологиялық құрылғылары, химиялық анықтағышары және басқа да сенсорлары болған. Жалпы, аппарат 1982 жылдың 11 қарашасына дейін істеп тұрды, сол күні Жерден жіберілген қате бұйрықтан байланыс тоқтап қалды.

Орбиталық аппарат екі камерамен, инфрақызыл спектрометрмен және инфрақызыл радиометрмен жабдықталған болатын. Сондай-ақ ақпаратты қабылдап, Жерге жеткізетін ретрансляторы болды, бұл қону бөлігінің Жермен тікелей байланысынан 10 есе жылдам еді. Жалпы, Жерге 57 000-нан астам сурет жіберілген еді. 1980 жылдың 17 тамызында орбиталық бөліктің кеңістіктегі бағдарлау жүйесінде газ бітіп қалғаннан соң, оның миссиясы аяқталды. Осы төрт жылдың ішінде ол Марсты 1489 рет айналып үлгерді.

Алғашқы панорамалық сурет, 20.07.1976

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Viking 1