Тұмандық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Орион тұмандығы. ESO-ның суреті

Галактикалық тұмандықтарғарыш құрамына енетін сиретілген газдар мен тозаңдардан тұратын әр түрлі аспан объектілері. Галактикалық тұмандықтар, басқа да галактикаларда кездеседі. Тұмандық деп алғашқы кезде жұлдызды аспандағы қылаң дақтарды атаған. Бірте келе телескоптардың жетілдірілуіне байланысты, әлгі тұмандықтардың әр түрлі екені байқалды. Олардың басым көпшілігі жырақтағы ғаламат зор жұлдыз шоғырлары - галактикалар. Бұлар галактикадан тысқары тұмандықтар делінді. Ал, біздің галактика құрамына жұлдыздардан басқа да көлемді газ және тозаң бұлттар кіреді. Құрамына, формасына және физикалық табиғатына қарай, галатикалық тұмандықтарды диффузиялық( қылаң және қоңыр), планеталық және глобулалар деп бірнеше топқа бөледі. Диффузиялық қылаң тұмандылық шүйкеленген жүндей шет-шеті жүмаланып, бозғылттанып көрінеді. Олардың бұрыштық диаметрі доғаның бірнеше минутынан, бірнеше секундына барады. Қазіргі кезде 100-ден аса диффузиялық қылан тұмандықтар бар екені мәлім.

Диффузиялық қылаң тұмандықтар қатарына Таразы шоқжұлдызындағы тұмандылық жатады. Халық аңызында бұл тұман мерген мылтығының түтінін бейнелейді. Дүрбімен жақсы көрінеді. Ол бізден 40парсек қашықтықта орналасқан. Спектрі бойынша қалың диффузиялық тұмандықтардың құрамына көбінесе сутек, оттек, азот, гелий кіреді. Бұлардың көлденеңі ондаған, кейде тіпті жүздеген жарық жылымен өлшенеді. Тұмандықтағы газдар көршілес ыстық жұлдыздардың жарығын бойына сіңіреді де, өзі люминисценция жарығын шығарады. Сондықтан олар қылаңдап көрінеді. Диффузиялық тұмандықтар өте ұсақ қатты түйіршіктерден тұрады. Әлемдегі ғажап түзілістердің бірі - қоңыр тұмандықтар. Құс жолының ашық реңінде ойдым-ойдым, қап қара көмірдей қалың тозаң шөгіндісі жай көзбен де байқалады. Қоңыр тұмандықтардың тозаң массасы төңірегіндегі жұлдыздардан шыққан жарықты жұтып алып, алыстағы жұлдыздарды перделеп, мүлдем көрсетпейді. Содан аспан реңінде жұлдыссыз қарауытқан дақ түрінде байқалады.