Табу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Табу (полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда «тыйым салу») — алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты діни негіздегі үзілді-кесілді тыйым салуды талап ететін ұғым. Табуда екі ұғым — киелілік пен тыйым салынғандық, қасиеттілік пен қорқыныш тоғысады. Табу белгілі бір тұлғаларға да, белгілі бір қоғамдық ұжымдарға да қатынасты қолданылады.
Табу туралы терең теориялық ізденістер аз болғандықтан оның қолданыс аясы анықтала қойған жоқ. Дегенмен де табуді діниморальдық тыйым салу түрлерінен ажырата білген дұрыс, өйткені аталған соңғылары адамзат мәдениетінде кейінірек пайда болған күрделі құрылымды ұғымдар. Табуған әрекеттер мен заттар туралы Дж. Фрейзердің («Золотая ветвь») шығармасынан көптеген мысалдар табуға болады. Фрейзер дін мен сиқырды (магияны) бір-біріне қарама-қарсы қойып, табуды магияның теріс пішіні ретінде түсіндіреді. Табу туралы психоталдаудан көп мәлімет жинақтауға болады. З. Фрейд өзінің «Тотем және табу» атты еңбегінде табудан көсемге деген екіұшты (амбивалентті) қатынасты: бір жағынан, көсемді қастерлеп, табынуды, екінші жағынан, іштей қызғану, жек көруді, бейсаналы тұрде ұнатпауды байқаймыз дейді. Әлеуметтік антропология тұрғысынан (Малиновский, Радклифф-Браун және т.б.) табуды әлеуметтік бақылау мен қадағалау рөлін атқаратын құрал деп қарастырады.
Табу қасиеттілік туралы түсінік қалыптасқан барлық мәдениеттерде кездеседі. Әр мәдениеттің өзіне сай заттарға, іс-әрекеттерге немесе сөздерді айтуға салынатын тыйым түрлері бар. Табуды бұзған адам қатты жазаланатын болғандықтан оны еш нәрсеге, еш жағдайға қарамай орындауға тырысатын болған. Қазақ мәдениетіндегі кездесетін ата-ене, қайынаға, қайын, қайын сіңілілердің атын атамау, отты, ошақты аттамау, белгілі киелі жануар тұрлерін қорғау т.б. Табулар қазақ халқының көне тотемистік, анимистік көзқарастарынан сыр тартады. Қазақ мәдениетіндегі тыйым салу жан-жоралғылары туралы Ш. Уәлихановтың шығармаларынан көп мағлұмат алынады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арнлған оқулық. Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет. ISBN 9965-663-71-8