Хәрри Поттер мен пәлсапа тас

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Хәрри Поттер мен пәлсапа тас
Хәрри Поттер мен пәлсапа тас

Қазақ тіліндегі алғашқы басылым мұқабасы, Steppe & World Publishing

Авторы Ж. К. Роулиң
Ел  Ұлыбритания
Жанры роман, фэнтези
Түпнұсқасы
Тілі ағылшынша
Атауы Harry Potter and the Philosopher's (Sorcerer's) Stone
Баспа Bloomsbury Publishing
Басылған орны Лондон
Басылған уақыты 26 маусым 1997 жыл
Мұқаба Жони Дадли
ISBN 0747532699
Қазақша басылым
Аудармашы Саят Мұхамедияр
Динара Мәзен
Нәркез Берікқызы
Бас редактор:
Назгүл Қожабекова
Баспасы Steppe & World Publishing
Басылған орны Алматы
Басылған уақыты 2020
Кітаптар қатары Хәрри Поттер мен пәлсапа тас
Мұқаба Жони Дадли
Хронология

«Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» (ағылш. Harry Potter and the Philosopher's Stone), Құрама Штаттарда «Хәрри Поттер мен Сиқырлы тас» (ағылш. Harry Potter and the Sorcerer's Stone атауымен жарық көрді) — Ж. К. Роулиң жазған, жас сиқыршы Хәрри Поттер жайлы кітаптар жинағындағы алғашқы роман. Кітапта Хәрри сиқыршы екенін біліп, «Хогуартс» Дуагерлік пен Сиқыр мектебінде жақын достарын және біраз жауларын кездестіріп, достарымен бірлесе Хәрридың ата-анасын өлтірген (ол кезде Хәрри небәрі бір жаста еді) зұлым сиқыршы Лорд Волдеморттың қайта оралуына жол бермейді.

Кітап әлемнің бірнеше тіліне аударылып, желісі бойынша аттас фильм түсірілген.

Волдеморт бір жасар Хәрри Поттердің ата-анасын өлтіріп, баланың өзін өлтірейін деп жатқан кезде ғайып болады. Кеш бата Хогвартс сиқыр мектебінің директоры Албус Дамблдор мен оның орынбасары Минерва Макгонагалл Хәрридің жалғы туысы Вернон мен Петунья Дурсли үйінің алдына келеді. Танымалдылықтан басы ерте айналмас үшін орман күзетшісі Рубеус Хагрид Хәрриді алып келіп, оны ағасы мен апайына қалдырып кетеді. Он жыл өтіп, кішкентай Хәрри есейген ақылды бозбалаға айналады. Сиқырға қатыстының бәрін жеккөретін Дурсль әулеті Хәрриді ұнатпайтын, сол себепті шоланға жатқызып, дұрыс қарамайтын, алайда өз балалары Дадлиді (Хәрридің немере ағасы) әлемдегі ең керемет бала санап, үлпеге орайтын. Хәрри түрлі адам сенгісіз, таңғажайып оқиғалардың куәсі бола беретін. Мысалы, Петунья апайы алып тастаған шашы бір күннің ішінде өсіп кететін не болмаса хайуанаттар бағындағы терезе ғайып болып, босап шыққан жыланмен сөйлесе алатын. Он бір жасқа толар кезінде, Хәрриге хат келеді, алайда Вернон ағасы одан тартып алады. Алайда толассыз келіп түскен хаттар Дурсльдердің ығырын шығарып, олар аралға көшіп кетеді. Хәрри он бір жосқа толған түні Хагрид келіп, оның сиқыршы екенін және Хогвартсқа оқуға түскенін айтады. Кейін екеуі Соқпақ жолға аттанып, Гринготтс банкіне барады да Хәрриге ата-анасы қалдырған есепсіз мұрасынан ақша шығарып, мектепке керек құралдар алады, сондай-ақ Хәрри өзіне хат тасушы Хедвиг үкісін де сатып алады.

Хогвартс жедел пойызында ол Рональд Уизли мен Хәрмиона Грейнджермен танысады. Рон оған дуагерлер әлемі, квиддич пен Хогвартс және оның Грифиндор, Хафлпаф, Рэвенкло және Слизерин атты төрт факультет жайлы айтып береді. Сорттаушы Қалпақ (Sorting Hat) Хәрри, Рон мен Хәрмионаны Гриффиндорға жібереді. Хәрри у әзірлеу сабағынан беретін оқытушы Северус Снейптің оны жақтырмағанын аңғарады. Алғашқы сыпыртқыда ұшу сабағында Хәрри квиддичтен факультет құрамасына қабылданады. Газеттен Хәрри әлдебіреу Хагрид алып кеткен затты банктен ұрламақ болғанын біледі. Қамалда үшбасты ит қорғайтын төле табылады. Хәрри мен Рон Хәрмионаны тролльден құтқарғаннан кейін, олар түпкілікті достасады. Бірде Хагрид абайсызда Николас Фламель жайлы айтып қалып, кейінірек балалар әлгі иттің мәңгі өмір сыйлайтын пәлсапа тасн күзететінін біледі. Сондай-ақ Хәрри адамның жан-тәнімен қалағанын көрсететін Түзеуші Айнаға тап болады. Хагрид тағы да абайсызда пәлсапа тасн Стебль, Флитвик, МакГонагалл, Квиррелл, Снейп және Дамблдордың өзі күзететінін айтып қояды. Бұдан кейін Хәрри Северустың тасты ұрлағысы кеп жүр деген күмәні арта түседі. Жазасын Жабық орманда өтеуге жіберілген Хәрри орманда даратұмсық қанын ішіп жатқан, қара жамылғы киген ажарын көрсетпейтін бейтанысқа тап болады. Кейін ол кентаврдың сөзінен Северустың пәлсапа тасн Волдемортқа алып беру үшін ұрламақ ойын түсінеді.

Емтиханнан кейін Хәрридің тыртығы ауыра беретін болды. Хагрид бейтаныс біреуге төлені күзетуші Үлпежүн атты итті қалайша ұйықтатуға болатынын айтып қояды. Осы кезде Дамблдор Лондонға кетіп, Хәрри Снейп орайлы сәтті пайдаланып тасты ұрлауы мүмкін деп ойлайды, сондықтан оны басып озбақ болады. Тасқа жетер жолда Хәрри, Рон және Хәрмиона Стебель профессордың қорқынышты торларына, Флитвик профессордың ұшқыш кілттеріне, Квирреллдің тролльіне, Макгонагалл профессордың сиқырлы шахматтарына және Снейптің түрлі уларына тап болады. Рон шахмат бөлмесінде қалып қояды, ал Хәрмиона Снейптің уларынан кейін қайтуға мәжбүр болады. Хәрри ары қарай беттейді, алайда Снейптің орнына Түзеуші Айнадан тасты ала алмай тұрған Квирреллге кезігеді. Сүйтсе, Квиррелл Волдеморт жағында, ал Снейп Поттердің әкесін ұнатпаса да қорғамақ болған екен. Квирреллдің шүйдесінде Волдеморттың келбеті бар екені анықталып, ол Хәрриді өз жағына тартпақ болады, алайда ол келіспегендіктен, өлтіруге бұйрық береді. Хәрри Квирреллге жанасқан кезде оның терісін күйік шалады. Хәрри есін жоғалтып алады, ал ем бөлмесінде оянғанда оны Дамблдор Квирреллден құтқарып қалғанын біледі. Хәрриді анасының махаббаты қорғаған екен. Балалардың бұл әрекеті факультет арасындағы жарыста Гриффиндорға жеңіс сыйлайды. Осыдан кейін жас сиқыршылар жазғы демалысқа үйлеріне тарайды.