Санкция: Ресей Қазақ бизнесін құрдымға сүйреуде...
Қазақ пен қырғыздың Ресеймен бір экономикалық арбаға жегілуі - Батыстың салған санкциясына байланысты өзінің кері әсерін тигізе бастады. Өзбектер де бұдан тыс қалмады. Енді осы төңірегінде сөз қозғалық.
АҚШ Қаржы министрлігі 17 елдің 275 азаматы мен компаниясына санкция енгізді. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Швейцария, Қытай, Үндістан және басқалары бар.
Санкциялық тізімге Ресейге тауар жеткізіп отыр деген қазақстандық Kazstanex компаниясы да кірді. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдағы өндіруші зауыттардан станоктарды жеткізумен айналысады.
Egov.kz мәліметінше, компания 2014 жылы тіркелген. Оның құрылтайшысы және бірінші басшысы - Василий Абрамов дейтін адам.
АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, Kazstanex және Uzstanex (Өзбекстан) компаниялары Еуропадан станоктар партияларын номиналды алушылар ретінде әрекет етеді. Содан кейін оларды қытайлық Shanghai Winsun компаниясына Ресейге жеткізу үшін жібереді.
Енді осы санкциялық қысым тағы да өршді. АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатқан. Ресейді қоса алғанда, бірнеше елден 400-ге жуық компания және «Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге көмектеске» 30-дан астам адам санкция арқалаған.
Түркиялық компаниялар 2023-2024 жылдары Ресейге микроэлектроника компоненттерін, жартылай өткізгіштерді, түрлі электр жабдықтарын, мойынтіректерді жеткізумен айналысқан.
Бұдан басқа, Ресей, Беларусь, Қытай, Үндістан, Түркия азаматтарына да санкция салынған. Олардың арасында Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары - Александр Фомин, Павел Фрадков, Анна Цивилева бар.
Бұған дейін Отандық БАҚ АҚШ-та Қазақстанның ВТБ-мен ынтымақтасатын банктер мен компанияларға қарсы екінші реттік санкциялар енгізу туралы шешім қабылданғанын жазған болатын.
Маусым айының соңында қазақстандық DA GROUP 22 компаниясы да Ресейге көмек көрсеткені үшін Еуроодақ санкцияларының 14-ші пакетіне енгізілген.
Бұған дейін Еуроодақ пен АҚШ Elem Group компаниясына екінші рет санкция енгізуге уәде берген болатын. Кейіннен ҚР сауда және интеграция министрлігінде Отандық БАҚ бұл компаниялар 2023 жылдың мамыр мен маусымынан бастап импортпен және экспортпен айналыспайтынын, ал Elem Group тарату процесінде екенін айтты.
Тамыз айында АҚШ санкциялық тізімге тағы 123 компанияны енгізді, оған Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген All Global Trading Elektron Dis Ticaret Ltd Sti түрік фирмасының екі филиалы кірді.
Ресей бизнесі қазақ пен қырғызды алып та - соғып, шалып та - жығып, екі жеп биге шықпақ болғанымен, Батыс мәселенің анығына жетіп, адымдарын аштырмай келеді.
Abai.kz