Тақийа

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Әт-Тақийа (араб.: التقية‎) — техникалық термин, шииттер бағытының басты шарттарының бірі, «діни сеніміңді әдепті түрде жасыра білу» деген ұғымды білдіреді.

Мұсылман діндарлары үшін тақийа мүмкіндік негізі ретінде Құран мен Пайғамбардың ﷺ сүннеті жүреді, солардың түсіндіруі бойынша, аса бір мұқтаж жағдайда өз сеніміңнен сырттай бас тартуға, кәпірлермен дос болуға, ғұрыпты бұзуға Құран рұқсат етеді.

Осының мысалы ретінде дін уағызшылары Пайғамбар дың ﷺ алғашқы сахабаларының бірі Аммар ибн Ясирдің амалсыздан Исламнан сырттай бас тартса да, жан жүрегі Аллаһқа, оның өкіліне сенімін берік сақтағандығын айтады. Ханафиттер адамға аса қатерлі жағдай туғанда ғана тақийа жасауға болады және іштей тәубаға келуге тиіс деп санады. Сунниттік діндар-заһири Ибн Хазм (1064 ж.ө.) өмірдің «сақтығы үшін» де сырт пиғылыңмен сеніміңнен жалтаруға болады деген қағиданы ұсынды. Хариджиттер қауымы тақийаға әр түрлі көзқарас ұстанды. Мысалы, азрактар сөзіңмен де, ісіңмен де тақийаға жүгінуге болмайды деді; ал суфриттер тақийаға тек сөз жүзінде ғана жүгінуді қолдады:

Ахнаситтер мен ибадиттер мұсылмандар әлемін «тақийа аймағы» және «дінге ашық сенушілер аймағы» деп бөліп, екі түрлі бағыт ұстады. Тақийа негіздерінің іс жүзінде қолданылуы Исламның шиит бағытында айрықша орын алады. Шиит бағытындағы зәйдиттерден басқа тармағының бәрі тақийаны мойындайды. Шиит үгітінің қудалаушылыққа түсуі шиит бағытында «өз сеніміңді орнымен жасыра білу» тәсілін мақұлдап қана қоймай, оны жеке басының амандығы мен бір сенімдегі қауымның мүддесі үшін орындалатын басты шарттың бірі етіп ұсынды. Тақийа негіздерін саралау және оны діни міндетке дейінгі дәрежеге көтеруді шииттер алтыншы имам Джафар әс-Садиқтың (767 ж.ө.) атымен байланыстырады. Бұл имамның пайымдауынша, Аллаһ адамдар ісін ниетіне қарап бағалайды деген ұғым ат-Тақийаның дұрыстығын көрсетеді. Тақийа тек ерекше жағдайларда ғана әлсіздің шарасыздығы, өзін қорғаудың жолы деп бағалап, сунниттерге керісінше ортағасырлық шиит діндарлары тақийа жолын ұстауды жеке бастың ғана парызы мен міндеті емес, қоғамдық мәні бар парыз деп бағалады. «Бауырластықтың мүддесіне» үлкен мән берілді.

Бұл жағдай шиит фақиһтерінің шығармаларында көрініс берді: тақийа мәселесіне «Китаб хуқуқ ал-ихуан» деген атпен жеке тараулар арналды.

Тақийа міндетті шарт екендігіне дәлел ретінде имамшыл факихтері Мұхаммедтің ﷺ «ат-Тақийасыз дінге сену — бассыз дене сияқты» деген тұжырымын дәлелге келтіріп, Құран аяттарының бірқатарын тұспалдай талдады.

Тақийаның іс жүзінде қолданылатын аясы мен шегі туралы мәселелер үлкен алшақтықтар туғызды. Бұл ретте, шиит діндарлары үшін имамдардың тұжырымдары басшылыққа алынды. Имамшылар құқығын алғашқы жүйелеушілердің бірі әл-Муфидтің (1022 ж.ө.) айтуынша, тақийа «қажет жағдайда» сөз жүзінде қолданылады, бірақ кей кезде оған жүгінуге тыйым салынады. Оның пікірінше, адам әр жағдайда «ең дұрыс» пиғылды ұстанып, ең дұрыс шешімді таңдаса, тақияны қолдану ақталады.

Ортағасырлық шиит фақиһтері тақийа міндетгілігін тұжырымдап қана қоймай, оның шарттарының қолданылатын жерлерін анықтады. Шииттер қажет болған жағдайларда өздері қолданатын тақийа деп мыналарды белгіледі: тыйым салынған істі жасаушылық, діни парыздарды елемеу, осының біріншісіне де, екіншісіне де қарсы тұрмау, «сырт жағдайға» сәйкес әрекет жасау — үкіметпен байланысты болу, шиит емес мұсылмандардың ғұрыптарын сақтау, т.б. Сөйте тұра, шииттерғе зорлап танылған дүниенің бәрінен ойша бас тартып қана қоймай, өз дініне қарсы көзқарастағыларды қорғау міндеті жүктелді. Осы шарттарды, «әсіре» шииттер мен өздерінің діни сенімі үшін жиі-жиі қуғын көрген исмаилшылар әрі қатаң, әрі тұрақты ұстанды.

Имамиттер жеңгеннен кейін Иранда тақийаның іс жүзінде қолданылуы теориялық жүйелермен ауысты. Имамшыл дәріптеушілер тақийаға Ислам шарттары және «Пайғамбар әулетінің» айырым «таңбасы» ретінде үлкен маңыз берді. Джафар әс-Садиқ сілтеме жасай отырып, Хомейни «әдепсіздікке», «дінбұзарлыққа» апармайтын жағдайдың бәрін де жасауға болады деп есептеді.

Қасиетті орындарды бүлдіру, Құранды жырту, Исламнан бөліну және т.б. «әдепсіздік» деп саналды. Тақийа «Исламның негізіне», заң талаптарына, т.б. жүрмейді. Хомейнидің түсіндіруінше, тақийа тиімді мәні жоқ өзгермейтін нұсқалар емес, қайта, жағдайдың өзгеруіне орай әрекет жасау әдістері болып табылады. Сөйтсе де имамшылар, уағызшылар тақийадағы екі жақтылықтың оның колданар шегінің толқымалылығы мен тұспалдылығының бөгетінен өте алмады. Қазіргі мұсылман әлеміндегі шииттер аз елдерде (Ливан, Пәкістан, Ауғанстан, т.б.) тақийа шарттары өз күшін жойған жоқ.

  • Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС,

2010 ISBN 9965-26-322-1