Хромдау

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Хромдау

Хромдау — металл бұйымдардың беткі қабатын хроммен қанықтыру. Хромдау нәтижесінде бұйымның тозуға және ыстыққа төзімділігі артады, әрі бұйым бетінде сәндік қабат түзіледі. Мұндай қасиеттер хромның беріктігіне, қаттылығына және ыстыққа төзімділігіне (800°С-қа дейін) сәйкес пайдаланылады. Құрамында 0,3 — 0,4%-дан аса көміртек бар болатты хромдау нәтижесінде олардың қатты және тозуға төзімділігі жоғарылайды. Хромдау тәсілінің электролиттік және диффузиялық түрлері бар. Электролиттік хромдау тәсілімен хром кез келген металға жалатылады (қалыңдығы микронның үлесінен бірнеше миллиметрге дейін). Хром жалатылған болаттың, шойынның және темірдің беттік қабатының қаттылығы шынықтырылған болаттардың қаттылығынан басым келеді. Сән беру әрі реңін арттыру мақсатында хромдаудан бұрын бұйымға аралық никель-мыс қабаты жалатылады, яғни хромдау процесі сатылай жүргізіледі. Диффузиялық хромдау тәсілінде шойынның немесе болаттың реттік қабаты хроммен қанықтырылады. Ол үшін бұйым феррохром ұнтағы ерітілген немесе құрамында әр түрлі хромидтер болатын электролитке батырылады да, белгілі температурада біраз уақыт ұсталады. Бұл тәсілмен хромдау бұйымның беттік қабатының қаттылығын және тозуға төзімділігін, коррозияға шыдамдылығын, т.б. арттыру үшін пайдаланылады.

[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том