Нақшбандийа тариқаты
Накшбендия, Нақшбандийа тариқаты [1](түрікше, некшбендия) – сопылық бауырластық. Бұл бағыт 14 ғ-да Накшбенди диуаналық қауымы қалыптасқаннан кейін шықты. Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар арасында таралған сопылықтың басты бағыттарының бірі. Накшбендия ілімі алғашында халықты осы дүниенің игілігін пайдалануға, білімді игеруге және адал еңбек етуге шақырды. Накшбендия ағымының негізін қалаған Баһауддин Накшбенди (1319–89) өлгеннен кейін, діни қауымды қожа Ахрари (14–15 ғ.) және оның ізбасарлары басқарды. Олар білімге қарсы шығып, сарыуайымшылдықты, өмірден безушілікті уағыздады. Олардың пікірінше, адам өмірінің түпкі мақсаты–құдайға сиыну, онымен рухани жағынан тоғысу. Осы мақсатқа жету үшін адам сыртқы дүниеден безіп, өзімен-өзі болып, мистикалық ойнау, өзінің ішкі дүниесін талдаумен шұғылдану, құдай жолына түсіп, аскеттік өмірге берілуі керек. Адамды адам қанауға негізделген таптық қоғамды өзгерту үшін жүргізілетін күрестен бұқараның назарын басқа жаққа аудару – Накшбендия ілімінің реакциялық мәні осында.[2]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Негізін қалаған Баһау әд-Дин Нақшбанд. Олар өзінің рухани силсиласын бір жағынан Әбу Бәкрге, екінші жағынан Әли Әбу Талибке әкеп тірейді. Нақшбандийа тариқатының бұл шежіресі аз-захаб силсила (“алтын тізбек”) деп аталады да, Пайғамбармен рухани жағынан да, бауырластық жағынан да бірлікті танытады. 15 ғ-дан бастапНақшбандийа тариқаты бірте-бірте Каир мен Босниядан Ганьсу мен Суматраға дейін, Еділ бойы мен Солт. Кавказдан Үндістанның оңтүстігі мен Хиджазға дейінгі ұлан байтақ жерлерге ықпал еткен, ең көп тараған діни бауырластық болды. Нақшбандийа тариқатынан бірнеше қуатты үрім-бұтақтар тарап, кейін өз аймақтарында жеке бауырластықтарға айналды. Орта Азияда Ала әд-Дин Аттар (1400 ж .ө.) мен Қожа Мұхаммед Парса қожа (1345 – 1420) Нақшбандийа тариқатын біріктіру, оның ықпалын күшейту ісінде аса маңызды қызмет атқарды. Өзінің әлеум. негізі жағынан қалалық болып табылатын, сауда және кәсіпкерлік ұйымдармен тығыз байланысты бауырластық көшпелі түркі тайпаларына да ықпал ете бастады. Қожа Ахрардың тұсында Нақшбандийа тариқатының саяси және экон. ықпалы өзінің ең жоғ. шарықтау шегіне жетті. Оның ісін 1515 ж. бауырластық басшысы болған “ұлы билеуші” Ахмет Қасани қожа жалғастырып, Бұхараның діни ақсүйектері Шайбани әулеті мен Аштархан әулеті тұсында қуатты саяси билікке ие болды. Олардың ісін Джуйбар шейхтары (16 ғ-дың ортасы 17-дың аяғы) одан әрі жалғастырды. Бауырластық Мауераннахрда, сондай-ақ қырғыздар мен қазақтар арасында кең таралды. Нақшбандийа тариқаты 18 ғ-дан 20 ғ-дың 20-жылдарына дейін Орта Азия мен Еділ бойына жетті. Үндістан Нақшбандийа тариқатының алғашқы қауымын Кашмирде 16 ғ-дың ортасында Баба Уәли шейх ұйымдастырды. Бауырластықтың белсенді қызметі Делиде Нақшбандийа тариқаты ханакасының негізін салған Бакибиллах қожаның (1563 – 1603), әсіресе Ахмет Сирхинди Шейхтің (1564 – 1624) есімдерімен байланысты. Ахмет Сирхинди сопылыққа 1598 ж. Бакибиллахтың уағызымен келді де, он жыл өткен соң Нақшбандийа тариқатының жеке накшбандийа-муджаддидийа деген жеке тармағының негізін қалады. Абдоллах Симауи молда (1490 ж.ө.)Стамбұлда Нақшбандийа тариқаты теккесінің (бауырластық) негізін қалады. Оның орнына Бұхарадан шейх – Ахмет [3] келіп, Анатолия мен Румелиде бауырластықты таратып, Стамбұлда (Фатих ауд-нда) өз теккесінің негізін қалады. Бұл ұйым 1925 ж. бауырластық тарағанша қызмет атқарды. 1630 ж. шамасында Йемен мен Хиджазға Нақшбандийа тариқаты – муджаддидтер келіп, оның мүшелері әрі қарай Мысырға жетті. Үнді бауырластықтарының екінші толқыны қожа Мұхаммед Масума (1669 ж. ө.) және оның шәкірті Мұхаммед Мұрат әл-Бұхаридің (1729 ж. ө.) қызметіне байланысты. Ол Хиджазда, Мысырда, Сирияда және Түркияда насихат жүргізді. Ол өлгеннен кейін Стамбұлда мурадия теккесінің ірге тасы қаланып, үнді тармағының орталығына айналды. Хұсайн-Баба Зукичтің күш салуымен бұл тармақ Боснияға жетті, ал Мұхаммед-Мұраттың Сирияда шыққан мирасқорлары Нақшбандийа тариқаты ықпалын Палестинаға жайып, онда бірнеше зауийа құрылды. Соның ішінде 17 ғ-дың басынан 1973 жылға дейін қызмет атқарған Иерусалимдегі зауийа-ий узбакийашілер де бар.
Нақшбандийа тариқатының таралуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Муджаддидшілердің 19 ғ-дың басынан Иракқа, Сирияға [4] және Күрдістанға тарауы Сүлеймен әулетінен шыққан мәула Халид әл-Бағдадидің (1776 – 1827) қызметімен байланысты. Ол Үндістанға барып, Делиде Аддоллах шейхтің (1809) үйірмесіне қосылды. 1811 ж. отанына қайтып оралып, халидийа тармағын ұйымдастырды, бұл тармақ 19 ғ-да Түркияда, араб елдерінде және Күрдістанда бауырластықтың синониміне айналды. Бұл тармақтың улам арасындағы ықпалы зор болды. Нақшбандийа тариқатының бұл тармағы Хиджаз арқылы Индонезияға (1840), Малайзияға, Цейлонға,Калимантанға[5], Мозамбикке дейін жетті. Солтүстік Түркиядан Кавказға тарағанНақшбандийа тариқаты Шәміл бастаған қозғалысқа идеол. негіз болды.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ Энциклопедиясы"Қазақ Энциклопедиясы", 6 том
- ↑ Қазақ совет энциклопедиясы 1976 жыл. / М.Қ.Қаратаев
- ↑ Болдырев А.Н., Еще раз к вопросу о Ходжа-Ахраре. Духовенство и политическая жизнь на Ближнем и Среднем Востоке в период феодализма, М., 1985.
- ↑ Иванов П.П., Хозяйство Джуйбарских шейхов; К истории феодального землевладения в Средней Азии в XVІ – XVІ вв. М.–Л., 1954
- ↑ Петрушевский И.П., Ислам в Иране в VІІ – XV, Л., 1966; Демидов С.М., Суфизм в Туркмении, Ашх., 1978
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Naqshbandi order |