Мұзтау
Мұзтау (айсберг; ағылшынша iceberg, ice — мұз, berg — тау) — мұхит пен теңіздерде жүзіп жүретін немесе қайырлап шөккен аса ірі мұз кесегі, басқаша айтқанда мұздықтардан бөлінген ірі шойтасты мұздар.
Мұзтаулар (ағылшынша іceberg, голландша іjsberg; іce, іjs – мұз, berg – тау деген мағынаны білдіреді) мұздық шетінің сынып (судың гидростатикалық қысымының, лықсудың, ағыстың, желдің әсерінен) суға түсуінен пайда болады. Олар мұхиттар мен теңіздерде қалқып жүреді немесе теңіздің таяз жері – қайырда шөгіп жатады. Мұзтаулар, әсіресе Солтүстік жарты шардағы – Гренландия, Канаданың Арктикалық топаралдары жағаларында, Оңтүстікте – Антарктида жағасында жиі кездеседі. Мұз бен судың тығыздығына байланысты мұзтаулар көлемінің 83 – 90%-ы судың астында болады, қалған бөлігі су бетінде орта есеппен 70 м (Арктикада) – 100 м-ге (Антарктикада) дейін көтеріліп тұрады, ал ұзындығы бірнеше ондаған км-ге жетеді. Гренландия мұзтаулары Шығыс Гренландия және Лабрадор ағыстары арқылы 40 – 50° солтүстік ендікке дейін, ал кейбір жағдайларда Бермуд, Азор аралдарына дейін жүзіп барады; Антарктида мұзтаулары 45 – 60° оңтүстік ендікке дейін жетеді. 1894 ж. мұзтаулардың 26° оңтүстік ендіктегі тропиктік белдеуден де байқалғаны тіркелген. Мұзтауларға көптеген кемелер соқтығысып, апатқа ұшыраған (мысалы, 1912 ж. “Титаник”, 1959 ж. “Хедтофт”).[1] Полярлық аймақтардағы материктік мұздықтардың жылжып теңізге жеткен шеттерінің омырылып бөлінуінен пайда болады (Антрактида мен Грендландия мұздықтары және басқалар). Олардың көлемінің 90%-ға дейінгі бөлігі су астында болады. Су үстіндегі бөлігі су бетінен 70-100 м көтеріледі. Теңіз ағыстары мұзтауды төмен ендіктерге алып кетеді. Мұзтау онда біртіндеп еру барысыңда жойылады.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, Мектеп, 2002.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |