Мольер
Мольер | |
фр. Molière | |
Никола Миньяр жасаған Мольердің портреті. 1658.ж | |
Туған кездегі есімі |
Жан-Батист Поклен |
---|---|
Туған күні | |
Туған жері |
Париж, Франция патшалығы |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері |
Париж, Франция патшалығы |
Азаматтығы | |
Ұлты | |
Қызметі |
Драматург, Актер, Ақын, Жазушы, Комедиограф |
Әкесі |
Жан Поклен |
Анасы |
Мария Поклен-Крессе |
Жұбайы |
Арманда Бежар |
Балалары |
Луи (1664–1664) |
Қолтаңбасы | |
Мольер (фр: Molière; шынайы есімі – Жан-Батист Поклен; 15 қаңтар 1622 жыл, Париж – 17 ақпан 1673 жыл, Париж) — француз драматургі, актер. Мольер – француз ұлттық комедиясының негізін салушы. Ол комедия жанрын дамытуға зор үлес қосты. Францияның ұлы драматургы, комедиографы, реалист Мольердің, әсіресе XVII ғасырдағы француз театры үшін сіңірген еңбегі зор. Клермон колледжінде оқып (1639), театр актері болған. Мольер халық театрының үздік дәстүрі мен классицизм тәжірибесіне сүйене отырып, “жоғарғы комедия” типін құрды. Онда қоғамның әлеум. ұсқынсыз жақтары әшкереленді. Оның “Махаббат машақаты” (1656) атты комедиясына характерлерді типтендіре отырып, кейіпкерлерді даралау, сахнаға өмір тынысын дарыту сияқты көркемдік өлшемдер тән. “Әлін білмеген әлек” (1655) шығармасында халықтың сарқылмас күш-жігерінің, даналығының көрінісі ретінде Маскариль қызметшінің бейнесі сомдалды, ол қызметшілер образы галереясының бастауы болды.
Мольер комедиялары классицизмнің биігінен көрінді. Ол Корнельдің “Никомед” трагедиясын (1658), “ұашық болған доктор” комедиясын сахналады. Мольер қойылымдары комедия жанрын психол. тебіреніспен, адамгершілік ізденістермен байытты, өнер құдіретіне астамшылықпен қарауға соққы берді (“Күлкілі жамандықтар”, 1659). Мольердің “Зайыптар мектебіндегі” (1662) Арнольф образы арқылы озбырлық іс-әрекет әшкереленді. Бұл шығарма демократтар тарапынан қолдау тапқанымен, ақсүйектер, керітартпа әдебиетшілер мен актерлердің қарсылығына ұшырады. Бұған жауап ретінде “Зайыптар мектебінің сыны” (1663), “Версальдық экспромт” (1663) атты екі қысқа пьеса сахналанды.
Шығармалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]“Тартюф” (1664), “Дон Жуан” (1665), “Мизантроп” (1666) комедиялары арқылы дами түсті. Бұлар жалған намыс, рухани құлдырау, екіжүзділік пен аристократтық дөрекілікке қарсы бағытталды. Әсіресе “Сараң” (1668) шығармасы француз комедиясын биік деңгейге көтерді. Қазақ тілінде оның “Сараң” (аударған Ә.Қоңыратбаев 1935, ұ.Мүсірепов 1952), “Скапеннің айласы” (1938) комедиялары сахналанды.[1]
Толығырақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Мольердің шын аты – Жан Батист Поклен. «Мольер» деген бүркеншік аты. Бұл есімді оған дейін де бір актер иемденген. Ол 1622 жылдың 16 қаңтарында Париж қаласында дүниеге келген. Оның әкесі патша сарайының түсқағаз жапсырушысы болған. Ол баласына жан-жақты білім беруді мүлде ойламағандықтан, болашақ драматург жазу мен сызуды 14 жасында ғана үйренеді. Ата-анасы өздерінің король сарайындағы жұмыстарының баласына мұрагерлікке өткенін қалайды. Бірақ Жан Батист бұл жұмысқа ешқандай қызығушылық танытпайды, керісінше, өз бойындағы дарындылықты, оқуға деген құштарлықты, ұмтылысты байқатады. Иезуиттік коллежге бес жыл оқып, жақсы білім алады. Бақытына орай, дәріс оқыған ұстаздарының арасында атақты философ Гассенди болады. Гассенди өз кезегінде Мольерді Эпикурдың шығармаларымен таныстырады. Жұрттың айтуынша, Мольер Лукрецийдің «Заттардың табиғаты туралы» поэмасын француз тіліне аударған. Бірақ, аталмыш аударма сақталмағандықтан, бұл әңгіменің шындығы расталмауда.
Мольер бала күнінен театр өнеріне қатты қызыққан. Оның ең үлкен арманы – актер болу, театр ашу болатын. Мольер өз достарымен және пікірлес жақтастарымен бірігіп, актерлік труппа құрып, Парижде «Әйгілі жарқыраған театр» ашуға асық болады. Ол кез Франция театрының жаңадан аяқ басып, Парижде тұрақты актерлар труппасы енді-енді ғана пайда бола бастаған кез еді. Мольер өзінің драматургиялық шығармашылығы туралы ойлаған жоқ. Ол тек актер болуды, соның ішінде трагедиялық жанрдағы актер болуды армандайтын. Мольер мен оның достарының таудай тасыған шабытпен, жастық энтузиазммен бастаған бастамалары табысты болмады, сәтсіз аяқталды. Театрды жабуға тура келді. Содан кейін Жан Батист 1646 жылы кезбелі комедианттар труппасына қосылады. Ол – Франция қалаларын аралап жүрген кезбелі актерлар труппасы болатын. Бұл труппаны Нанта, Лимож, Бордо, Тулуз қалаларында кездестіруге болатын. Мольер жолдастарымен бірге ел аралап, қызықты қойылымдарымен жұртты қызықтыра түседі. 1650 жылы Мольер мен оның достары Нарбоннда өнер көрсетеді. Кезбелік өмір Мольер шығармашылығына қатты әсер етті, өмірлік көзқарасын, дүниетанымын байытты. Ол әртүрлі сословиелердің әдет-ғұрпымен танысты, халық аузындағы даналық сөздерді өз құлағымен естіді, көп нәрсені көрді, үйренді. Ал 1653 жылы Лион қаласында Мольер алғашқы пьесаларының бірі – «Делқұлыны» қойды. Бұл қойылым оның атын Еуропаға әйгілі етті.
1658 жылы Мольер Парижге қайта оралды. Бұл кезде ол – тәжірибелі актер, драматург, өмірдің бар шындығын таныған, білген адам. Мольер труппасының Версальдағы король сарайының алдында қойған көрінісі табысты болды. Труппа астанада қалдырылды. Театр алғашында Пти-Бурбон үй-жайына орналасып, аптасына үш рет көрініс қойып отырды. Король талаптарынан шығу үшін Мольер комедия-балет жанрына қалам тербейді. Бұл бағытта ол 13 пьеса жазады, пьесаларының негізгі музыка алады.[2]
Мольер шығармашылық өмірінде өзінің бай әдеби мұрасына кіретін барлық шығармаларын дүниеге әкелді: «Тартюф», «Мизантроп», «Дон-Жуан», «Сараң», «Әйелдер мектебі», «Күйеулер мектебі» т.б. Оның таланты жарқырап көрінді.
Драматург өмірінде көптеген қиыншылықтарға тап болды, әсіресе, замандастары тарапынан оған деген көреалмаушылықтар басым болды. Сондықтан Мольерге өзіне жамандық ойлаған жауларынан қорғану керек болды. Жауларының қатарында Мольердің сатиралық комедияларының өткір найзасына түйрелген ызалы қарсыластары жасырынып тұрған болатын. Драматург шығармалары жоғарыдағы шенеуніктерге, дінбасыларына атылған оқпен тең әсер етті.[3] Ол арсыздар халықтың мақтанышына айналған Мольердің сыртынан адам сенгісіз әңгімелер таратып жүрді. Ұлы тұлғаның есіміне кір келтіріп, жеккөрінішті етуге тырысты.
Осындай қиыншылықтар драматургтың денсаулығына әсер етіп, оны ауруға шалдықтырды. Ол 52 жасында аяқ астынан қайтыс болады. Бұл күні өзінің «Ауыр халдегі кісі» пьесасының қойылымы кезінде Мольер қатты сырқаттанып тұрғанына қарамастан, басты рольде ойнаған болатын. Көп ұзамай, спектакль аяқталған соң, бірнеше сағаттан кейін атақты драматург көз жұмады (1673 жылдың 17 ақпанында).
Қазақ сахнасында Мольердің «Тартюф», «Скапеннің ойраны», «Сараң» комедиялары сәтті қойылып келеді.[4]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев — Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, XI том 27 бет.
- ↑ История зарубежной литературы ХУІІ века. Под ред. М.В.Разумовской. Москва, Высшая школа, 1999. ISBN 5-7695-0383-1
- ↑ История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІ в.в. С.Д.Артамонов, З.Т.Гражданская, Р.М.Самарин. Москва, Просвещение, 1973.
- ↑ Шетел әдебиетінің тарихы. Қобланов Ж.Т. Алматы, ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. ISBN 978-601-217-161-7
- Алфавит бойынша тұлғалар
- 15 қаңтарда туғандар
- 1622 жылы туғандар
- Парижде туғандар
- 17 ақпанда қайтыс болғандар
- 1673 жылы қайтыс болғандар
- Парижде қайтыс болғандар
- XVII ғасырдағы Франция актерлері
- XVII ғасырдағы Франция ақындары
- XVII ғасырдағы Франция драматугтері
- XVII ғасыр балет қалет қайраткерлері
- Ұлы Людовик лицейі түлектері
- Лақап есімімен танымал әдебиетшілер
- Сахнада қайтыс болғандар
- Туберкулезден қайтыс болғандар
- Пер-Лашез зиратында жерленгендер
- Мольер