Көктеке
Көктеке(Sіttіdae) – әнші торғай тәрізді құстардың бір тұқымдасы. Көктекенің 3 туысқа жататын 25 түрі Солтүстік Американың, Еуразияның, Солтүстік-батыс Африканың, Жаңа Гвинея мен Австралияның орманды алқаптарында, жартасты тау жоталарында кездеседі. Олардың көпшілігі отырықшы құстар. Денесінің ұзындығы 9,5 – 19 см. Дене бітімі шағын әрі жұмыр, құйрығы қысқа. Аяқтары қысқа, тұтқыр тырнақтары арқылы ағаш діңінің бойымен, тік жартастарда жоғары және төмен қарай өте жылдам өрмелеп жүре береді. Тұмсығы тік әрі өткір. Тұмсығымен қатты ағаш тұқымдары мен жаңғақтарын өте оңай ұсақтай алады. Ұяларын ағаш діңінің, жартастардың қуыстарына салады да, ұясының аузын балшықпен көмкеріп тарылтады. Ұясында көбінесе 6 – 8 жұмыртқа болады. Жұмыртқасын мекиендері шайқайды. Ұсақ жәндіктермен, өрмекшілермен, ұлулармен және өсімдіктердің жемістерімен, тұқымдарымен қоректенеді. Қазақстанда Көктекенің 2 түрі: орман Көктекесі және жартас Көктекесі бар. Орман көктекесі (Sіtta europaea) – Ертіс өзенінің аңғарында, Алтай тауының орманды жерлерінде кездеседі, ол қыста Қазақстанның батыс өңіріне қоныс аударады. Арқасы көкшіл сұрғылт, бауыры ақшыл, тұмсығы, басының екі жағы қара жолақты. Жартас көктекесі (Sіtta tephronota) – Тянь-Шаньда, әсіресе, Талас Алатауында, Піскем, Өгем, Қазығұрт, Боралдай, Қаратаудың оңтүстігінде, Іле Алатауының батыс бөлігінде, Шу-Іле тауларының шатқалдарында ұя салады. Түрлі жәндіктерді, әсіресе, қоңыз және өсімдік қандалаларын, өрмекшілерді жейді. Олар шәмшат жаңғақтарын, үйеңкі, жөке, қарағаш тұқымдарын ағаш қабығының қуыстарына тығып қойып та қоректенеді. Көктеке орман шаруашылығына өте пайдалы құс.[1] [2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |