Кесе
Кесе – күйдірілген саздан жасалған шұңғыл ыдыс. Кесенің кішкене түрін – шай ішуге, үлкен түрін қымыз, сусын, сорпа ішуге пайдаланады.
Кесе атаулары және материалдары
Дәстүрлі ортада ыдыс-аяқтардың барлығы ағаштан, қыштан жасалған. Кейде кеселер сауда жолдары арқылы келген. Мәселен, тұрмыста Қытайда жасалған фарфор кеселер де қолданылған. Ондай кесені кәрден немесе кәрлен кесе деп те атаған. Аталмыш кесені материалына қарай қыш кесе, сапал, тасаяқ, тастабақ деп атаған. Бірсыпыра аймақта сапал сөзі балшықтан жасалған ыдыстардың жалпы атауы ретінде қолданылады. Қырғыз, өзбек тілдерінде де балшықтан күйдіріп жасаған ыдысты сапал дейді. Қазақ жерінде балшықтан күйдіріп ыдыс жасау ісі, ерте замандардан бері бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Мәселен, VII және IX ғасырдағы шеберлер қыш ыдыстарға металл өңін беріп жасаған, ал IX-XIII ғасырда түрлі ою-өрнектермен сәндеуді үйренген. Оны археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш кесе, құмыра тәрізді бұйымдар айқындап береді.
Форфор, фаянстан жасалатын қыш ыдыстар, оның ішінде кеселер ХХ ғасырдан бастап Қазақстан зауыттарында өндірістік тәсілмен көптеп шығарылатын болды.[1]
Дереккөздер
- ↑ ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
Әдебиеттер
- Орта ғасырдағы Отырар керамикасы. Алматы: Өнер, 1991;
- Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Алматы: Арыс, 2005;
- ҚР МОМ – материалдарынан;
- ОМЭЭ – материалдарынан.
|