Ағынды
Жергілікті ағынды (Сток) —
- атмосфералық жауын-шашын суларының қайсыбір беттен (беткі ағынды), қайсыбір көлемнен, жер қабығының бір қалындығынан (соның ішінде жер асты ағынды) немесе жиынтық түрде қайсыбір аумақтан (алаптан және т.б.) бастапқыда бұлақтар мен өзендерге, одан соң мұхитқа немесе тұйық континенттік суқоймаларына ағып баруы; ол жерден су өз айналымын басқа жолдармен жалғастырады (негізінен бу түрінде);
- құрлықтың белгілі бір өңірінен (су жиналымнан) белгілі бір уақыт (төулік, ай, жыл) ішінде ағып шыққан су мөлшері. Судың орташа шығынымен (м³/с), ағынды қабатымен (мм не см), ағынды көлемімен (м³), ағынды модулімен (л/с * км² не м³/с * км²), ағынды коэффициентімен (бірлік үлесі) өрнектеледі;
- жаңбыр мен еріген қар суының суқоймаларға және жер бедерінің ойыстарына ағып жиналуы. Жер үсті ағындысы және жер асты ағындысы болып бөлінеді. Ағынды процесі жер бетіндегі су айналымының құрамдық буыны болып табылады. Ағынды мөлшерінің (у, мм) алап бетіне түскен жауын-шашын (х, мм) мөлшеріне катынасы (у/х) Ағынды коэффициент (һ) деп аталады және % арқылы көрсетіледі, һ = у/х,
- өзен арнасымен белгілі бір уақыт аралығында ағып өткен су көлемі, текше метрмен, млн. м3, км3- мен өлшенеді.
Ағынды көлемі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ағынды көлемі (Объем стока) — белгілі бір уақыт аралығында ағып өткен немесе суқоймаға (бөген, көл) ағып жиналған су ағыңдысының көлемі, м3/тәулік, млн.м3/ай, км3/жыл және т.б. бірліктерімен өлшенеді. Мыс., Іле өзеннің Қытай Халық Республикасы шекарасындағы тұстамадағы ағынды көлемі жылына орта есеппен 12,65 км3 (км3/жыл). Қаратал өзенінің Балқашқа құятын ағынды көлемі — 3,2 км3/жыл және т.б.[1]
Ағынды факторлары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ағынды факторлары — қарастырылып отырған алаптағы ағындының шамасы мен қалыптасу ерекшеліктерін анықтайтын сыртқы физикалық географиялық ортаның элементтері. Ағынды факторларын климаттық деп (жауын шашын, булану, ауаның температурасы) және төсеніш беттің (топырақ геологиялық жағдайлар, ормандану, батпақтану дәрежесі және т.б.) ерекшеліктерін көрсететін физикалық географиялық деп бөледі. Сонымен бірге ағынды факторлары зоналық (климаттық), бейзоналық (алап ауданы, өзен үзындығы және т.б.) және интрозоналық немесе осы зонамен байланысты зонаішілік болып бөлінеді. Ағынды шығыны табиғи және антропогендік әрекеттер әсерінен болатын су шығындары.[1]
Ағынды фазалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ағынды фазалары (Фазы стока) ағынды гидрографының қалыптасу процесінің элементтері. Олар қоректену жағдайының өзгеруіне орай: 1) су тасу кезеңі; 2) тасқындар кезеңі; 3) судың сабасына түсу кезеңі болып сараланады.
Су тасу кезеңі жыл бойындағы ең көп сулылығымен, су деңгейінің биік әрі ұзақ көтерілуімен және, әдетте, судың жайылмаға тығуымен сипатталады. Басты қоректену (толысу) көзіне тікелей тәуелді (жазық өзендері үшін — қар еруі, биік тау өзеңдері үшін — мұздықтар мен қарлар еруі, муссондық және тропиктік аймақтар үшін — жазғы ұзақ жаңбырлар). Бір климаттық белдеудегі өзендер үшін су тасу кезеңі жыл сайын тұрақты қайталанып, тек ұзақтығы мен күші өзгеріп отырады. Іле өзені су тасу фазасы көктем жаз болса (мұздықтар мен жауыншашын), Нұра өзені үшін жазғытұрымғы бір ай (көктемгі қар еруі). Тасқын су фазасы жыл сайын қайталан байды және су деңгейінің тез әрі қысқа мерзімде көтерілуімен сипатталады. Таскындар ұзақ нөсер немесе қысқы жылымықта қар еру барысында қалыптасады. Кей жағдайларда (әсіресе кішігірім алаптарда) тасқынның биіктігі су тасуының биіктігінен асып түсуі мүмкін. Судың сабасына түсу кезеңі өзен сулылығының аздығына және жер беті ағындысының азаюына немесе сарқылуына байланысты су деңгейінің төменгі қалыпта ұзақ уақыт сақталуымен сипатталады. Бұл фазада өзен негізінен жер асты суымен қоректенеді. Көпшілік өзендерде судың сабасына түсуінің кезеңдері жазғы және қысқы кезеңдер болып бөлінеді.[1]
Түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Беткейлік ағынды — беткей шегінде калыптасатын, арнасыз, жер бетіндегі және грунттық ағынды. Арналық ағындыдан гидравликалық айырмашылықтары бар және ағындының негізгі шығындары (сүзілуге, булануға) су жинау алабының бетіңде тегіс үлестіріледі. Б.а. алаптың барлық беткейін де тұтас жүреді.
Реттелген ағынды — тасқын ағысы тегістеліп (сыланып), өзен сабасына түскен кезде ағыс көбейтілетіндігімен сипатталатын ағынды. Инженерлік шаралар (мыс., бөген мен гидротехникалық имараттар салу) нәтижесінде және өзең суының табиғи қоймасының (көл) болуынан қалыптасады.
Тұрмыстық ағынды су — коммуналдық шаруашылықтың сұйық қалдықтары.[1]
Ағынды жиналу аймағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ағынды жиналу аймағы (Область формирования стока) — кез келген өзен, көл, теңіз алабының негізінен ағынды қалыптасатын, жауын-шашын булануға, топыраққа сіңуге шығындалудан артық жауатын аймағы. Аридтік аймақтарда ағынды жиналу аймағы негізінен таулы аймақтар болып табылады. Мыс., Төңіртау жоталары Балқаш көлі алабының ағынды жиналу аймағы болып табылады. Іле, Қаратал, Шелек және т.б. өзендер ағындылары тауларда қалыптасып, тау баурайындағы жазықтарда суаруға, булануға шығындалады. Ал гумидті аймақтарда ағынды жиналу аймағына су жиналу алабы түгел кіреді.[1]
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ a b c d e f Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 2002 жыл.
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5