Айыппұл
Айыппұл (штраф) — заңда белгіленген ретте және тәртіпте белгілі бір қағидаларды бұзушы тұлғаларға қолданылатын ақшалай айып салу, материалдық ықпал ету шарасы. Әдетте айыппұл ақшалай түрде мемлекет пайдасына алынады. Айыппұл түрі ретінде қолданылады:
- а) қылмыстық құқықта — жазалаудың негізгі немесе қосымша шарасы ретінде қолданылады;
- ә) азаматтық құқықта – өнімдер мен тауарлар жеткізу жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерді орындамағандығы үшін, жеке мүліктік емес құқыларға нұқсан келтірілген кезде қолданылады;
- б) тұрақсыздық айыбының бір түрі;
- в) әкімшілік құқықта — әкімшілік құқықтың бұзылуына кінәлі тұлғаларға судьялар, уәкілетті органдар (ішкі істер бөлімі, өрттен қорғау, санитарлық, мал дәрігерлік қадағалау және т.б.), лауазымды адамдар айыппұл тартқызады;
- г) іс жүргізушілік құқықта — заңда көзделген (мысалы, сот мәжілісінің тәртібін бұзған) реттерде және мөлшерде сот айыппұл сала алады.[1][2]
Айыппұл әлемнің көп елдерінің қылмыстық заңындарында кеңінен қолданылады: бұл Англия, Франция мен АҚШ-та қолданылу жиілігі бойынша кең таралған жазалау шарасы болса, Германия айыппұлды маңыздылығы жөнінен екінші орынға қояды; айыппұл Ресей Федерациясы мен Қазақстанда да қолданылады. Қылмыстық жазалау түрі ретінде айыппұлдың артықшылықтарына мыналар жатады: түрмеде отырғандардың санының азаюы; шағын мөлшердегі қылмыс жасағандар мен түрмеде ұзақ отырған ауыр қылмыспен сотталғандардың арасындағы тікелей байланыстың болдырылмауы; жазаның осы түрін орындауына байланысты үстемелердің шағын мөлшерде ғана болуы (арнайы атқарушы органдарын құруға қажеті жоқ); мемлекеттік бюджетке кіріс; сотталып жатқан азаматтың жағдайына байланысты соттың жекеленген үкім шығара алу мүмкіндігі; заңға мойынұсынушылық мінез-құлқын ынталандыру шараларын қолдану мүмкіндігі (айыппұлды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу, өнегелі мінез көрсетуі үшін айыппұл мөлшерін төмендету).
Айыппұл төлеу өз бетімен бөлек жазалау шарасы ретінде көптеген жағдайларда қолданыла алады. Мысалы Францияда айыппұлды келесі қылмыстық әрекеттерде тағайындайды: абайсызда өлімге әкелген жағдайда, жәбірленушінің жарақат немесе созылмалы ауруына әкелген зорлық-зомбылық қасақана актілер, жыныстық қатынаспен байланыспаған басқа барлық зорлық түрлері, есірткі саудасы, біреуді қауіп-қатерде қалдыру, т.б. Сонымен қатар айыппұл басқа бір ауыр жазаның орнына немесе бас бостандығынан айырумен қатар бірге қолданылуы мүмкін. Соңғы жылдары көптеген батыс елдерінде айыппұлды несие сияқты бөліп төлеу де қолданысқа еніп жатыр, себебі көптеген азаматтардың айыппұлды бірден толығымен төлейтін мүмкіндіктері болмайды.
Қазақстанда да айыппұлды қолданудың ауқымы жылдан-жылға артып бара жатыр. Мысалға келсек, Әкімшілік Кодекске өзгертулер енгізіліп, жол қауіпсіздік ережесін бұзғандарға қатысты айыппұл мөлшері екі есеге артты. Аталмыш заң 19 сәуірде арнайы баспасөзде жарияланды.[3] Заңға енгізілген өзгертулер айыппұл көлемін арттырып, оның төлем тәртібін күрделендірген. Ең көп кездесетін - жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға дейін асыру, рұқсат етілмеген жерге тоқтау, белгіленбеген жерден бұрылу, қиылыста кептеліс жасау сияқты тәртіп бұзушылықтар бойынша арттырылған айыппұлды жүргізушілер сезінетін болады. Ондай тәртіп бұзушылықтар үшін айыппұл көлемі екі есеге артқан. Яғни, бұрын 5 АЕК (9 260 теңге) болса, енді 10 АЕК (18 520 теңге) болды. Мегаполис тұрғыны ретінде екінші қатарға көлік қоюшыларға айыппұлдың артқаны өте қуанышты жайт. Оның мөлшері 7 АЕК-тен 20 АЕК-ке (37 040 теңге) дейін артты. Мас болып көлік басқарғандар 3 жылға жүргізушілік құқығынан айырылады. Бұған дейін ол мерзім - 2 жыл болған еді. Сондай-ақ, мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаса, онда 5 жылға жүргізушілік құқығынан айырылады. Сонымен қоса, енді полиция қызметкерінің рұқсатынсыз жүргізушінің, жолаушының көліктен шығуы және полицияның талабы бойынша көліктен түспей отыруы 5 АЕК көлемінде айыппұлмен жазаланады. Ірі көлемдегі айыппұл, ұзақ мерзімдік қамау жол-көлік апаты орынынан заңсыз бірінші болып кетіп қалғандарға, наркодиспансерлік тексеруден өтуден бас тартқандарға тағайындалады.
Мәжіліс құптаған заңда көтермелеу де қарастырылған. Айыппұлды бір тәулік ішінде төлеген жүргізушіге 50 пайыз жеңілдік берілген. Бір тәуліктен 7 тәулік арасында төлегендерге 30 пайыз жеңілдік бар болатын. Алайда бүгін жарияланған заңда ол жоқ. Ондай норманы сенаторлар алып тастаған. Осы жай түсініксіз. Бұл айыппұлды арттыру консепциясына қайшы келеді. Көпшілікті алаңдататыны қатайтылған заңның тәжірибеде қалай қолданылатыны. Полиция қызметкерлері тарапынан өкілеттілігін асыра пайдалану жағдайларының орын алуының мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Өйткені, енді полиция қызметкері көлік жүргізушісін патрульдік автомашинаға отырғызып, қорқытып, үркітіп, ортақ келісімге шақыруы мүмкін. Алайда келесі бесжылдық ішінде айыппұлды қолдану тәртібі жүйелендіріп, қазіргі заңда бар қарама-қайшылықтар өз шешімін табу үшін арнайы мекеме құрылып мемлекет бұл істі өз қолына құптап алды, себебі барлық батыс елдері қолданып жатқан тәжірибені Қазақстанда да кеңінен енгізу қажеттілігі туындап тұр.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін ағымдағы жылдан бастап айыппұл түрінде жаза қолдану көзделген. Айыппұл – бұрыннан келе жатқан жаза түрі.[4] Алдында айтылғандай айыппұл дегеніміз – қылмыс жасағаны үшін салынатын, әдетте мемлекет пайдасына өндіріп алынатын ақшалай қаражат. Айыппұл салу өз кезегінде қылмыс жасаудың нәтижесінде мемлекетке немесе жәбірленуші тарапқа келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін келесі көлемде айыппұл салынады:
Пара алушылар үшін жаза: Параның 50-80 еселік сомасы, 15 жылға бас бостандығынан айыру (сараланатын белгілерге байланысты)
Делдалдар үшін жаза: Параның 10-20 еселік сомасы, 6 жылға бас бостандығынан айыру (сараланатын белгілерге байланысты)
Айыппұл көлемін анықтаған кезде, әрбір нақты жағдайда оның мөлшері сотталушы жасаған қылмыстың ауырлығына байланысты саралануы қажет. Егер сотталушы сот тағайындаған айыппұлды төлеуден әдейі жалтарса, онда жаза түрі бас бостандығынан айыру секілді анағұрлым ауыр жазаға өзгертіледі. Сот тәжірибесі көрсеткендей, 2015 жылдан бастап елорда соттары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 11 лауазымды тұлғаға айыппұл түрінде жаза тағайындады. Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша сотталушы тұлғалар бюджетке 300 миллион теңгеден аса айыппұл төлеген.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, I том
- ↑ Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2
- ↑ https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/jol-erejesn-buzgandarga-katyistyi-ayyippul-molsher-arttyi-253247/ Жол ережесін бұзғандарға айыппұл мөлшері артады
- ↑ http://astana.prokuror.kz/kaz/baspasoz/akparaty/ayyppul-kylmystyk-ister-boyynsha-tagayyndalatyn-zhazanyn-bir-turi Мұрағатталған 30 сәуірдің 2017 жылы.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — экономика бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |