Иғтикаф

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Иғтикаф (араб.: اعتكاف‎) — уақытын өз еркімен мешітте өткізу, шариғат заңы бойынша ислам дініндегі ерікті ғибадат түрі. Мұсылмандар Рамазан айында фәни дүниенің қызығына ермей, құлшылық ету үшін уақытын өз қалауымен мешітте өткізеді. Мұның бір мысалы ретінде Мұхаммед пайғамбар (صلى الله عليه وسلم) жасына (63-ке) толғаннан кейінгі өмірін қылуетте (жер астындағы жайда) өткізген Қожа Ахмет Ясауиді айтуға болады. Иғтикаф жасаймын деп серт етіп, жасамағандар кәффарат қағидасымен жазаланады[1][2].

Иғтикаф туралы Құранда да, хадистерде де кездеседі. Мәселен, Рамазан айының түндері туралы сөз болған аятта: «Мешіттерде иғтикафта болған кездеріңде әйелдеріңе жақындамаңдар» делінген (Әл-Бақара сүресі, 187 аят).

Құранда аталған осы иғтикафқа Ардақты Пайғамбарымыз (صلى الله عليه وسلم) ерекше көңіл бөлген. Айша анамыздың айтуынша, «Алла Елшісі (صلى الله عليه وسلم) Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасайтын. Бұл әдетін өмір бойы үзбеді. Кейіннен ол кісінің жарлары бұл әдетті жалғастырды» (Бұхари, Иғтикаф, 1-18; Мүслім, Иғтикаф, 1-6).

Иғтикафтың үш түрі бар:

  • Біріншісі, уәжіп иғтикаф. Егер иғтикаф жасауға серт берген болсаңыз, оны орындау уәжіптікті білдіреді. Уәжіп иғтикаф кем дегенде бір күнді құрайды, күндізінде ораза ұстау керек.
  • Екіншісі, сүннет иғтикаф. Рамазан айының соңғы он күнінде жасалады. Бұны тұрғылықты жердегі бір кісі жасаса, басқалардың мойнынан бұл міндеттің түсетіндігі айтылады.
  • Үшіншісі, мұстахаб иғтикаф. Бұл уәжіп пен сүннет иғтикафтан тыс уақыттардағы иғтикаф. Бұл үшін ораза ұстау шарт емес. Тіпті мешітке кіріп шыққан уақытыңызда ниет етсеңіз де иғтикаф болып есептеледі.

Нәпіл иғтикафтың уақыты Әбу Ханифа мен Имам Мәліктің айтуынша, жоқ дегенде бір күн, Әбу Юсуфтың айтуынша жоқ дегенде бір күннің жартысынан көп бөлігі, ал Имам Мұхаммедтің айтуынша, ең кемі бір сағат.

Иғтикафтың шарттарына келетін болсақ, әуелгісі міндетті түрде – ниет ету. Егер серт ететін болсаңыз, онда тілмен де айту міндеттеледі. Екіншісі, мешіт. Әбу Ханифаның айтуынша, бұған күнделікті бес уақыт намаз оқылатын барлық мешіт жарамды. Ер кісілер үшін мешітте өткізу міндетті болғанмен, әйел кісілерге мешітте өткізу міндетті емес. Әйел кісілер күйеулерінен рұқсат ала отырып, иғтикафты өз үйінде жасайды. Сауап жағынан Әл-Харам мешіті, Пайғамбар мешіті және Ақса мешітінің жоғары тұратындығы айтылады. Ал осы мешіттен басқа мешіттердің сауабы жамағаттың көптігімен өлшенеді. Тағы бір шарты ораза ұстау. Ол жоғарыда айтылғандай уәжіп иғтикафқа тән. Ал сүннет иғтикаф онсыз да Рамазан айында жасалады. Таһара да иғтикафтың шартына жатады. Әйел кісілер хайыз бен нифастан таза болуы керек. Ал жүніптік жағдайы оразаға зиян тигізбегені тәрізді иғтикафты да бұзбайды. Иғтикафқа кіруші мешіт ішінде жүніп жағдайға түссе, сыртқа шығып, ғұсыл алып келіп, иғтикафын жалғастырады.

Иғтикафты бұзатын жағдайлар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жыныстық қатынас, қажеттілік туындамаса да мешіттен шығу, талып қалу жағдайларында иғтикаф бұзылады. Иғтикафқа кіруші қатты қажетті жағдайларда ғана сыртқа шыға алады. Мысалы, ол мешітте жұма намаз оқылмаса, басқа мешітке барып келе алады. Үлкен, дәрет алу үшін сыртқа шыға алады. Мешіттен мәжбүрлеп шығарса немесе заттарына қауіп төнгендіктен басқа мешітке ауысса, бұлар да зәру жағдайларға жатады. Бұндай жағдайлардың тысында мешіттен шықпау міндеттеледі. Ішіп, жеу, ұйықтауы, қажет нәрселерін сатып алуы барлығы да мешіттің ішінде орындалады.

Иғтикаф құлшылыққа берілу мақсатында жасалады. Сондықтан иғтикаф кезінде жаман сөздер айтылмай, көбірек ғибадатқа, Құранға, хадиске, зікір, тәсбихтерге көңіл бөлу керек. Ал таза киініп, әтір себіну, жамағат көп келетін мешітті таңдау иғтикафтың әдебіне жатады[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
  3. Иғтикаф(қолжетпейтін сілтеме)