Журнал

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.

Журнал — мерзімді басылым, бұқаралық ақпарат құралдарының бір түрі. Журнал (французша journal) газетпен салыстырғанда оқиғаларды кең көлемде баяндап, деректерге тереңірек талдау жасайды, өзінің ұстанған көркемдік бағытына орай қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал етеді. Мазмұны жағынан қоғамдық-саяси журнал, әдеби-көркем журнал, спорттық журнал, сатиралық журнал, өндірістік-техникалық журнал, ғылыми-көпшілік журнал, т.б. болып бөлінеді. Дүние жүзіндегі тұңғыш журнал Францияда 1665 ж. бесінші қаңтарда «Журнал де Саван» деген атпен жарық көрді. Алғашқы журналдар, әр түрлі кітаптарға шолу жасап, көркем әдебиет, ғылым, көркемөнер, дін салаларындағы жаңалықтарды баяндаумен шектелді. 19-ғасырдың екінші жартысында көпшілікке арналған аралас мазмұнды, безендірілген журналдар көбірек шығарылды. Қазақ тіліндегі алғашқы журнал – «Айқап» 1911 – 15 ж. аралығында жарық көрді. Кейіннен «Садақ» (1917, татарша-қазақша), «Айна» (1918), «Мұғалім» (1919), «Қызыл Қазақстан» (1921 – 29, қазіргі «Ақиқат»), «Шолпан» (1921 – 24), «Әйел теңдігі» (1925 – 34, қазіргі «Қазақстан әйелдері»), «Жаңа мектеп» (1925 – 33, қазіргі «Қазақстан мектебі»), «Жаңа әдебиет» (1928 – 32, қазіргі «Жұлдыз»), т.б. журналдар жарық көрді. Қазақстан Республикасында демократиялық құндылықтардың берік орнығуына байланысты мемлекеттік және жеке меншік журналдар саны көбейді.[1]

Журнал түрлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Журнал[2] (франц. journal) – мерзімді басылым, бұқаралық ақпарат құралдарының бір түрі. Журналды мекемелер, қоғамдық және шығарм. ұйымдар, ғыл. қоғамдар, академиялар, университеттер, сондай-ақ жеке меншік иелері шығара алады. Ол газетпен салыстырғанда оқиғаларды кең көлемде баяндап, деректерге тереңірек талдау жасайды, өзінің ұстанған көркемдік бағытына орай қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал етеді. Журнал – мерзімділігі жағынан аптасына, 10 күнде, 2 аптада, айына, 2 айда, тоқсан сайын, жарты жылда 1 рет шығатын басылым. Мазмұны жағынан қоғамдық-саяси журнал, әдеби-көркем журнал, спорттық журнал, сатиралық журнал, өндірістік-техникалық журнал, ғылыми-көпшілік журнал, ғылыми-ақпараттық журнал, библиографиялық журнал болып, оқырмандарына қарай бұқаралық және оқырмандардың белгілі бір категорияларына (балаларға, жасөспірімдерге) арналған болып бөлінеді. Бұқаралық, қоғамдық-саяси және әдеби-көркем журналдарда ақпараттық, публицистикалық, көркем шығармалар, танымдық, сәндік, көркемөнер туындылары сипатындағы материалдар, фотосурет түрлері мен бейнелеу өнерінің туындылары; ғылыми-көпшілік, ғылыми-ақпараттық журналдарда ғылыми-зерттеулерде мақалалары, аннотациялар, ғылыми хабарлар, спорттық және өндірістік-техникалық журналдарда өзі арналған салаларға қатысты материалдар, ал сатиралық журналдарда сын-сықақтар, фельетондар, т.б. басылады. Журналды көркем-техникалық безендіру ісі графика мен полиграфияның даму деңгейіне байланысты.

Журналдардың шығу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дүние жүзіндегі тұңғыш журнал Францияда 1665 жылы 5 қаңтарда “Журнал де Саван” деген атпен жарық көрді. Осы жылы Англияда, 1668 жылы Италияда, 1682 жылы Германияда журналдар шығарыла бастады. Алғашқы журналдар, негізінен, әр түрлі кітаптарға шолу жасап, көркем әдебиет, ғылым, көркемөнер, дін салаларындағы жаңалықтарды баяндаумен ғана шектелді. 19 ғасырдың 2-жартысында журналдың негізгі түрлері қалыптасты. Көпшілікке арналған аралас мазмұнды, безендірілген журналдар көбірек шығарылды. Орыс тіліндегі тұңғыш журнал “Месячные исторические, генеологические и географические примечания в Ведомостях” (1708 – 42) “Санкт-Петербургские ведомости” газетіне қосымша ретінде жарық көрді. 1913 жылы Ресейде 1331 журнал, оның ішінде орыс тілінде 1222, Ресей халықтарының тілінде 82, шет ел тілдерінде 27 журнал шығып тұрды. Қазақ тіліндегі алғашқы журнал – “Айқап”. 1911 – 15 жылы аралығында оның 88 саны жарық көрген. “Айқап” қазақ елінің экономикасы мен саяси жағдайы, тарихы, мәдениеті мен оқу-ағарту ісі, тілі мен әдебиеті хақында келелі сөз қозғаған, шығармаларының дені ғылыми әрі көркем туынды түрінде жарияланған журнал болды. Троицк қаласындағы “Энергия” баспаханасында басылып тұрған. Редакторы – М.Сералин. “Айқаппен” бірге “Ақмола” журналы да шығып тұрды (1911 – 16). Кейін “Садақ” (1917, татарша-қазақша), “Айна” (1918), “Мұғалім” (1919), “Қызыл Қазақстан” (1921 – 29, қазіргі “Ақиқат”), “Шолпан” (1921 – 24, қазіргі “Таң-Шолпан”), “Темір қазық” (1923), “Жас қазақ” (1923 – 24), “Жас қайрат” (1923 – 24), “Сәуле” (1923 – 24), “Сана” (1923 – 24), “Жетісу әйелі” (1924), “Лениншіл жас” (1925 – 27), “Таң” (1925, қазіргі “Таң-Шолпан”), “Әйел теңдігі” (1925 – 34, қазіргі “Қазақстан әйелдері”), “Жаңа мектеп” (1925 – 33, қазіргі “Қазақстан мектебі”), “Пионер” (1925 – 56), “Кедей айнасы” (1926 – 29), “Терме” (1926), “Жыл құсы” (1927), “Жаңа әдебиет” (1928 – 32, қазіргі “Жұлдыз”), “Жаршы” (1929 – 30), “Балға” (1932), “Екпінді тілші” (1932 – 33) сияқты журналдар жарық көрді. 1956 жылы “Ара”, 1958 жылы “Мәдениет және тұрмыс” (қазіргі “Парасат”), “Балдырған”, 1960 жылы “Білім және еңбек” (қазіргі “Зерде”), 1978 ж. “Пионер”, 1987 ж. “Арай”, 1994 ж. “Ұлағат”, 1996 ж. “Заң”, 1997 ж. “Алдаспан”, 1998 ж. “Амазонка”, 2000 ж. “Қазақстан”, т.б. журналдар шыға бастады. Қазақстан Республикасында демократиялық құндылықтардың берік орнығуына байланысты мемлекеттік және жеке меншік журналдар саны көбейді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Балалар энциклопедиясы
  2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6