[go: up one dir, main page]

Мазмұнға өту

Ен

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Ен салынған жылқылар (Атырау облысы)

Ен – төрт түлік малдың құлағына кесу, ойып алу, тілу жолымен салынатын айырым белгі, таңба.

Тарихи дәстүр

Қазақы ортада мал құлағына салынатын еннің түрлері өте көп және түрлі комбинацияда салынған. Әр ру, ата, ауыл, үйдің өздеріне тән ен, таңба белгілері болған. Дәстүрлі ортада қалыптасқан үрдіс бойынша малды сол арқылы танып ажырататын болған. Қарашаңырақтан жаңа отау бөлінгенде, жас отбасыға берілген енші малына өзіндік жаңаша ен салынған. Ен, белгі малдың екі құлағына немесе мүйізіне салынады. Кейде құлағының бір бөлігін кеседі немесе ояды. Ен түрлері қазақтардың қай руға жататындығының да белгісі болды. Ал еннің қандай пішінде болуы мал иесінің еркінде болды. Бірақ, жалпы рулық пішіннен ауытқуға тыйым салынған. Белгі, ен, таңба тұрған жерде ешкім мал басын иемденуге дауласпайды. Ен салғанда, әсіресе жексенбі күні сәтті деп есептелінген, өйткені Тәңір жерді жексенбі күні жаратқан екен деген түсінік болған.

  • Жылқыға ен салуда "бісміллә, үйірімен үш жылқы", – деп өз енін салады. Жылқыға салатын ен туған-туыстың, тіпті бүкіл бір рудың жылқыға салатын енінен өзгеше болмайды. Жаңа туған құлындардың құлағына үш-төрт күн өткеннен кейін белгі салынады. Ен асыл тұқымды жылқылардың танауына да салынады. Сатып алынған, қалыңмалға келген жылқыларға сол рудың өз ен, таңбасы салынады. Таңба малдың оң немесе сол жақ жамбасына немесе қолына қажетті шамада қыздырылған таңбатемірмен басылады. Таңбатемір басылған жерге сәл ойылып күйген таңба бейнесі түседі.
  • Түйеде ботадан өзгесінің бәріне ен салынады. Түйенің құлағына кесу арқылы ен салынады, санына, қолына таңба басылады.
  • Сиырға ен салу алты-жеті айлық бұзау кезінде, күзде жүргізіледі. Сиырға ен салу сиыр табынын көп ұстайтын отырықшылар арасында көптеп кездеседі. Ерте кезде құлға да ен салынған. Құлақ кесті құл деген сөз содан қалған.

Еннің түрлері

Қойдың құлағына салынатын ен түрлері: 1 – ұшынан айырған тілік ен; 2а – кезойық; 2ә – ұшынан ойық; 3 – сара тілік; 4 – байпақ ен; 5 – артынан ойық; 6 – алдынан сыдырғы ен; 7 – артынан сыдырғы ен; 8а – алдынан тілік; 8 ә – артынан тілік; 9а, ә – алды, артынан тілік; 10 – алдынан ішіне ала кесік қиықша; 11 а, ә – алды, артынан ойық немесе құмырсқа; 12 – сыдырғы; 13а, ә – құлағының түбіне ала ойық; 14а – қиық ен; 14ә – кесік ен; 15 – кездік ен; 16 – жүрекше ен; 17 – ұшынан ойық; 18 – ұшынан шорт кесілген тісті ен; 19 – шатыраш; 20а – құлағының алдынан тілік; 20ә – құлағының артынан тілік; 21 – ойық немесе тесік ен; 22 – түйнешік; 23 – құлақтың шеміршегін теспей оймақ баулау ен; 24 – қанжыға; 25 – шұнақ ен; 26 – ұшынан кесік ен.

Еннің түрлері: алдынан көз, артынан көз, артынан ойық, артынан сыдырғы, алдынан тілік, артынан тілік, алдынан ішіне ала тілік, байпақ ен, жүрекше (ұшынан шорт кескен), жырық, ойма, ойық, тілік, құмырсқа, кезойық, айыр, сара тілік, ұшынан, ортасынан айырған, сыдырғы, сыдырғыш, кесік қиықша, құлағының түбіне ала ойық немесе құмырсқа қиық ен, кесік, кезді тілік, шатыраш, тісті, тесік, түйнешік (шеміршегін теспей ен салу, тесік ен, терісін сылып, оймақ баулап), қанжыра, қиық, шұнақ ен (ұшына ала кесік)т.б.

  • Тілік ен – құлақтың ұшына сұғынта тіліп қойған ен;
  • Ойық ен – құлақтың шетінен кесіп алатын ен;
  • Құмырсқа ен – құлақтың шеміршегімен қоса жартылай оймыштап алып, ойып, тесіп салмастан сырғаша бұрап қойған ен;
  • Ойма ен – құлақтың асты-үстінен өткізіп тескен ен;
  • Кесік ен – құлақтың ұшын шорт кескен ен.

Ен салу науқаны ерте көктемде, шыбын-шіркей шықпай тұрғанда, төлдің бәрі ширап, пышақ көтеретін халге жеткен соң жаздың басында жүргізіледі. Кейде жүнiн қырқу, құйрығын кесу арқылы уақытша белгілер де салынады. Ен салғанда мал құлақтарынан түрлі пішінде кесіліп алынған кесінділерді жинап алып, оған ақ тамызып, төлдеpдiң құлағы жылдам жазылады деген сенiммен, құмырсқаның илеуіне тастаған. Мұның астарында "төрт түлік малымыз құмырсқадай көбейсін" деген тілек те жатыр.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Добросмыслов А.И. Скотоводство в Тургайской области. Оренбург. Издание ТОСК, 1895; Вл. фон Герн. Из записной книжки и правы киргиз-казаков и быт скотоводства о киргизов. Этнографические заметки // ПК СемипО. Семипалатинск, 1899. С.1-33; Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы туралы этнографиялық очерктері. Алматы: Ғылым, 1969.