Кетпен
Кетпен – ауыл шаруашылық жұмыстарында арық қазуға, жер қазуға, егістік жерді өңдеуге қолданылатын құрал. Кетпен егін шаруашылығы дамыған өңірлерде кеңінен қолданылған.
Сипаты
Кетпеннің шабатын бөлігін – жүзі, жүзінің жоғары көтеріліп тұратын екі бүйірін – қыры, сапқа арналған сырты жұмыр, іші қуыс құбыр тәрізді бөлігін – ұңғы, ұңғының үстіңгі қыр жағы – шүйдесі, қолға ұстайтын тұтқасы кетпеннің сабы деп аталады. Кетпеннің саптан басқа темір бөлігін кетпеннің басы дейді. Жаздыгүні кетпен ыстық күн астында сабы кеуіп, басы босап қалмауы үшін оны суға салып қояды.
Жасалуы мен қолданысына қарай атаулары
Кетпен жасаумен темір ұсталары айналысқан. Кетпеннің жүзі мен екі бүйірін түзу етіп темірден соғып, жоғарғы жағына сап орнататын ұңғы жасайды. Кейбір кетпеннің екі бүйірі доғалдау, бүйірінің қырлары жұмырлау болып жасалады. Кетпенді адамның түрегеп тұрып шабуына ыңғайлы етіп ұзындау, жуандығы кішігірім білектей ағашпен саптайды. Кетпенге саптайтын ағашты "кетпенсап" дейді. Кетпеннің үлкен-кішілігі оның жүзіне байланысты болады. Шабатын жүзі ұзын болса – үлкен кетпен, жүзі қысқа болса – кіші кетпен деп атайды. Кетпеннің үлкендерге, балаларға арнап жасалған түрлері де болады. Арамшөп отауға, көкөніс түбін қопсытуға арналған кішкентай кетпен "кетпеншот" деп аталады.
Жер қазатын, арық тартатын т.б. ауыр жұмыстарға қолданылатын кетпеннің салмағын жеңілдету үшін басының ортасын ойық етіп жасайды.
Кетпен мәні
Егіншілікпен айналысатын диқандар кетпенін қадірлеп ұстаған. Жерді өңдеуге кіріспес бұрын кетпеннің басын топырақпен сүртеді, бұл кетпен топырақтан арылмасын, егіс өнімі мол болып, тоқшылық болсын деген ырымға саяяды. Сондай-ақ жұмыс аяқталған соң кетпенді тазалап жуып қоятын болған.
Ертеде Жетісу қазақтары арасында ер адамның құнына берілетін құн мөлшерінің құрамында қара нар, қалы кілем, қара мылтық, қара шолақ ат, 100-ден 200-ге дейін жылқы, ақ сауытпен қоса кетпен де қосып берілгендігі туралы Ә. Диваев пен И. Ибрагимовтың еңбектерінде айтылады. Қазақтың аңыз-ертегілерінде кетпеннің мықтылығын оқ атып сынағандығы туралы да деректер кездеседі.[1]
Дереккөздер
- ↑ ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
Әдебиеттер
- Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Тарих ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Ғылыми жетекші Нұрсан Әлімбай. Алматы, 1994;
- Кармышева Дж. Земледельче-ская обрядность у казахов. Древние обряды, верования и культы народов Средней Азии. М.: Наука, 1986. С.181-208.